Қалың тұман салдарынан Жезқазған – Қызылорда тасжолында көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды. Шектеу көліктің барлық түріне қатысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жолдың ашылуын көліктер күтіп тұр
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жолда 20 көлік қозғалыстың қайта ашылғанын күтіп тұр.
Оқиға орнында патрульдік полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Олар жүргізушілерге көріну қашықтығы нашар жағдайда жолға шығудың қауіпті екенін ескертіп, шектеу алынғанша күте тұруды сұрайды.
Тағы қай өңірде ауа райы бұзылады
«ҚазАвтоЖол» 19 қарашада Солтүстік Қазақстан облысында ауа райы нашарлайтынын ескертті. Өңірде жаңбыр аралас қар жауып, қарлы боран болуы мүмкін.
Республикалық маңызы бар кейбір тасжолдарда көріну қашықтығы төмендеп, жол тайғақ болуы ықтимал. Жүргізушілерге жылдамдықты азайтып, арақашықтықты сақтауға және күрт маневр жасамауға кеңес беріледі.
Республикалық маңызы бар жолдардың жағдайы туралы ақпаратты тәулік бойы 1403 нөмірі арқылы білуге болады.