"2 сағат күтесің": Ақтауда жолаушы тасымалдайтын компаниялар қитұрқылыққа көшкен

Ғалиасқар Думан

Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті әкімдікке Ақтаудағы қоғамдық көліктің жұмысы үшін нұсқама берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Lada.kz

Lada.kz-тің жазуынша, жүргізілген сауалнама нәтижесінде азаматтардың 90 пайызы қаладағы қоғамдық көліктің жұмысына қанағаттанбайтыны белгілі болған.

Атап айтқанда, адамдар таңертең көліктің аздығына, маршруттың ұзақтығына және автобустардың жүру кестесін сақтамауына наразы.

"Тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау қоғамдық көліктің жұмысын жақсартуға ықпал етпейді. Автобустардың жалпы жылдық жүрісі есебінен субсидия ала отырып, тасымалдаушылар көп жолаушы тасымалдауға мүдделі емес, нәтижесінде кейбір маршруттардың ұзындығы 50 шақырымға дейін өсті, ал маршруттың өту уақыты екі сағатқа дейін созыла бастады. Маршруттардың ұзындығына байланысты қала халқы таксимен жүруге мәжбүр", - деп түсіндірді ведомстводан.

Бұдан басқа, монополияға қарсы органның хабарлауынша, қалада заңнама талаптарына сәйкес келетін автостанция, сондай-ақ әлеуметтік объект болып табылатын мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына (арнайы ХҚКО) және Ақтау халықаралық әуежайына бағыт бойынша жүретін маршруттар жоқ.

"Монополияға қарсы орган бәсекелестікті дамытуға бағытталған бұзушылықтарды жою және іс-әрекеттер жасау үшін ақылға қонымды мерзім берді. Олай болмаған жағдайда жауапкершілікке тарта отырып, мәжбүрлеу сипатындағы шаралар қабылданатын болады", - деп толықтырды ведомствода.

Айта кетейік, жуырда Ақтөбеде қоғамдық көлік жүргізушілері ереуілге шыққан.