Маңғыстауда арақ-шараптан бас тартқан ауыл тұрғындары сайлауда ерекше акция өткізді

Ғалиасқар Думан

Ішімдік саудасына тыйым салған Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының Баянды ауылының тұрғындары сайлау учаскелеріне жаппай қазақтың ұлттық киімдерімен келіп жатыр. Ер адамдар кестеленген шапан, ал әйелдер көздің жауын алатын қамзолдар киген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Дауыс беруге ұлттық киіммен келу бастамасын ауыл әйелдері ұсынған. Бұл идеяны ауыл қауымдастығы қуана қуаттап, жаппай қолдаған.

- Ұлттық костюмдер – біздің ата-бабаларымыздан қалған асыл қазыналардың бірі.  Ұлттық киім кию – бұл эстетикалық сән ғана емес, сонымен қатар біздің халқымыздың білімінің байлығын, адамгершілік тәрбиесін, бай ұлттық санамызды насихаттау құралы. Бұған дейін біз ауылымызда алкогольдік ішімдіктерді сатудан бас тарту туралы шешім қабылдадық. Мұндай акциялардың негізгі мақсаты – жастардың санасына өз еліне, оның тарихына деген сүйіспеншілікті сіңіру, - дейді ауылдың аналар кеңесінің төрағасы Ақкүміс Дүйсенбаева.

8 мыңнан астам адам тұратын Баянды ауылында 4406 сайлаушы тіркелген. Олар өз таңдауын орта мектепте орналасқан екі сайлау учаскесінде жасайды.