«МунайСпецСнаб Компани» көлік компаниясының қызметкерлері Қазақстан президентіне, Жаңаөзен әкіміне және "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасарына бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Олар өз үндеулерінде бірыңғай жалақы төлеу жүйесінің 70 пайызын енгізуді және жұмыс орнында ыстық тамақ берілуін талап етті.
Statsnet сервисінің ақпараты бойынша, "МұнайСпецСнаб Компани" – көлік және қоймалау қызметтерін ұсынатын компания. Маңғыстау облысында тіркелген, 15 жылдан астам уақыт бар жұмыс істеп келеді. Қызметкерлер саны – 250-500 адам. Жылдық кірісі – 16 851 349 000 теңге.
Айта кетейік, 10 сәуірде Жаңаөзендегі «БерӘлі Маңғыстау Company» мекемесінің жұмыстан қысқарған 80-ге тарта жұмысшысы Астанаға келіп, Энергетика министрлігі ғимаратының алдына наразылық білдірді.
Олардың бәрі «Өзенмұнайгаз» компаниясынан жұмыс талап етті. Жұмыссыз қалған жаңаөзендіктер мәселеміз шешілмей министрлік алдынан кетпейміз деді. Олар таңды сол жерде атырды.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастапқыда мұнайшылардың талабы айқын еместігін айтқан.
Ал премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов жаңаөзендік жұмысшылардың тендерден ұтылған компанияның қайтадан ұтып шығуын талап етуі дұрыс еместігін мәлімдеді.
Кейіннен жұмысшылар «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылығы ұсынған жұмыс орындарынан бас тартқаны хабарланды.
11 сәуір күні кешке пикет ұйымдастырған Жаңаөзен мұнайшыларын қауіпсіздік қызметкерлері ұстап әкетті. Жерлестерінің ұсталғанын естіген бойда Жаңаөзенде жергілікті кәсіпорындардың қызметкерлері Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, Астанада ұсталған жұмысшыларды босатуды талап етті.
Көп ұзамай Жаңаөзен қаласының әкімі жиналғандарға бейнеөтініш жасап, мәселені түсіндірді, сабырлыққа шақырды.
12 сәуір күні таңертең жаңаөзендік мұнайшылар үйлеріне қайтып бара жатқандарын мәлімдеп, жерлестеріне алғыс айтты.
Бас прокуратураның дерегінше, Астанада Жаңаөзеннен келген 126 адам ұсталған. Олардың бесеуі “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу” бабы бойынша ескерту түрінде жаза тағайындалған.
Бұдан бұрын “ҚазМұнайГаз” басшысы жаңаөзендіктермен үш жылдық келісімшарт жасау мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеген.
Ал Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Астанада ереуілге шыққан мұнайшылар мәселесін шешу үшін арнайы мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатқанын айтты.
Жуырда жаңаөзендік жұмысшылардың Астанаға қайта келгелі жатқаны хабарланды. Күрмеуі көбейген мәселеге қатысты Маңғыстау облысының әкімі Ноғав та пікір білдірген.