Батыс Қазақстанда Алтын орда дәуіріне жататын кесене табылды

Ulysmedia

14 ғасырдың құнды тарихи ескерткіші Теректі ауданындағы Шалқар көлі маңында орналасқан, деп хабарлайды ulysmedia.kz 24.kz басылымына сілтеме жасап.

фото: ашық дереккөзден

Басында кесене Шалқар деп аталса, кейін сол жердің тарихи атауына сай Жаңабай деп аталды. Ғалымдардың болжауынша, кесенеде ақсүйек ер адам жерленген. Айта кетерлігі, тәуелсіздіктің 30 жылында аймақ археологтары 2 мыңнан аса тарихи ескерткіш тауыпты.

Оба орнынан отырықшы мәдениеттің ізін анық аңғаруға болады. Мәселен, күйдірілген қызыл кірпіш сол кездің өзінде сәулет-құрылыс саласының жақсы дамығанына дәлел. Ал әсем әдіптелген ақық моншақ зергерлік өнердің өрістегенін байқатады. Кесенеге жапсарлас салынған ғимараттан да біраз жәдігер табылды. Ғалымдардың болжауынша, кесенеге ұзын бойлы ересек ер адам жерленген.

«Соның үстінде біз жылқының 4 басын таптық. Қойдың сүйектері табылды. Бұл да құрбан шалу ретінде жасалған нәрселер. Ата-бабаларымыз қалай өмір сүрген соның бәрін зерттеу біз үшін өте қызық. Мектеп кезінде оқығанда мұның бәрін суреттен көргенбіз. Ал қазір мұны өз қолымызбен қазып көріп отырмыз», - деді археолог Асхат Бисенғалиев.

«Далалық ақсүйектерге арнап салынған. Мысалы мына жақта қарасаңыз ерте темір дәуіріндегі қорғандар тұр. Сол себепті олар бір жерге көмген бәрін. Шалқар көлінен 20 км жерде сол кесенені таптық. Болашақта сол туристік нысанға айналады деп үміттемін. Өзім энергетикпін, бірақ археология мені өте қызықтырды», - деді археолог Мирлан Берсекенев.

Айта кетерлігі, қорған бұған дейін бірнеше мәрте тонауға ұшыраған екен. Қазіргідей жермен-жексен болып қирауы да адамдардың ісі. Кесене айналасынан мал сүйектері мен құрбан шалу кезінде пайдаланған заттар табылды. Ал керамика бұйымдардың сынықтары алтын орда кезеңіне тән, дейді ғалымдар.

«Нәтижесі қандай қазба жұмысының? Ол деген кіретін есігін тауып алдық мавзолейдің. Портал жоқ, ол 4 бұрышты кесене, үлкен жары құлап жатқан, оны да сақтап қойдық. Өзінің архитектурасын бәрін суретке салып, фиксация жасап, толығымен қандай болғанын дәлелдеп қойдық. Ол деген Алтын Орда кезеңінінің тарихын жазуға өте көп қосылған үлес», - деді облыстық тарихи-өлкетану музейі тарих және археология бөлімінің ғылыми қызметкері Яна Лұқпанова.

Ғимарат төртбұрышты пішінді. Қабырғалардың ұзындығы 7 метр, ал қалыңдығы 1 жарым метрден асады. Кірпіштердің беткі қабатында әр түрлі формадағы адам қолының іздері анық байқалады. Археологтардың пайымдауынша, ол қабырға мен күмбезге, іргетас пен еденге пайдаланылған тастарды сұрыптау үшін қажет болған.

«Отыз жылда 2 мыңнан асатын ескерткіштерді архелогтар ашты, қосты. Еліміздің тарихи ескерткіштер тізімін көбейтіп, сенсациялық ескерткіштер қазылды, табылды. Онда қалашықтар да бар, обалар да бар, кесенелер бар. Жайық қалашығын да айтуға болады. Соның бәрі археологтардың 30 жылдыққа қосқан үлесі деп есептеймін», – деді облыстық тарихи-өлкетану музейі тарих және археология бөлімінің ғылыми қызметкері Яна Лұқпанова.

Бұған дейін дәл осы Теректі ауданы аумағынан табылған Тақсай ханшайымы қорған кешені Қазақстанның киелі орындарының қатарына енген. Енді бұл кесене де есепке алынып, мемлекет тарапынан қорғалмақ. Кезінде осы маңда шағын қалашық болса керек. Бұған мына секілді төмпешіктер дәлел. Құрылыс өрістеген жерде кірпіш күйдіретін ошақтың да болғаны анық, дейді археологтар.