Алматыда үш адамның өмірін қиған әл-Фараби көшесіндегі жол апатына байланысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.
СОТ ПРОЦЕСІ
15 маусымда өткен сот процесіне Александр Пак онлайн қатысты. Залда сотқа қатысушылардан қарағанда, журналистер көп болды. Жәбірленуші тарап өкілдері де процеске келмеді. Барлығы сотты онлайн бақылады. Тек жәбірленуші Ләззат Тілемесованың адвокаты Гүлмира Бабажанова ғана процеске офлайн қатысты.
12-ші маусым күні болған сот отырысында Гүлмира Бабажанова іске енді кірісіп жатқанын алға тартып, іспен танысуға уақыт беруін сұраған. Судья Майшенов қорғаушығы 15 маусымға, яғни бүгінге дейін уақыт берген.
Сот отырысында жәбірленуші Қанат Тілемесовтен жауап алынды.
– 21-і күні қарындасым звондады, «Еламен жол апатына түсті, айырылып қалдық» деді. Сосын күйеу баламыз екеуміз мәйтханаға бардық. Біз бардық, сол екенін таныдық. Содан барып арыз жаздық. Сосын өзімен болған сағат, телефон, киімдерін алып қайттым, – деді Қанат Тілемісов.
Ол да сотталушыны кешіргенін, ешқандай талап-арызы жоғын айтты. Бұған дейін марқұм Еламан Тілемесовтің әпкесі Ләззат Тілемісова да Александр Пакты кешіріп, материалдық және моральдық талабы жоғын мәлімдеген.
Бұдан өзге іс бойынша жәбірленуші деп танылған марқұм Құмар Теңеубаева мен Томирис Қыдырбектің де туыстары сотталушыны кешіргенін, ешқандай талап-арыздары жоғын айтқан.
Жол апатынан қаза тапқан марқұмдардың бірінің әкесі 12 маусымда Tengrinews.kz сайтына «күдіктіге ешқандай кешірім бермейтінін» айтып, пікір білдірген.
Бұған дейін сот залында Александр Пак өзіне тағылған айыпты толықтай мойындайтынын, болған оқиғаға өкінетінін айтқан.
Бүгінгі сот отырысында іс бойынша куә деп танылған Әсет Жақсылықовтан да жауап алынуы тиіс болған. Алайда ол «адвокатының қатысуынсыз жауап бермейтінін» айтты. Бұған дейін әлеуметтік желіде оқиға болған күні Әсет Жақсылықовтың Hyundai Palisade көлігін тізгіндеп, Александр Пакпен жарысқаны туралы ақпарат тараған болатын. Жақсылықов та сотқа онлайн қатысты.
Процесс жалғасуда. Сотқа қатысушылар іс материалдарын зерделеп жатыр.
ЖОЛ АПАТЫ
21 наурызда Алматыдағы әл-Фараби және Меңдіқұлов көшелерінің қиылысында Zeekr Xавтокөлігі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Mercedes-Benz C300 көлігімен соқтығысқан. Жол апатынан үш адам қаза тапқан. Бұл оқиға қоғамда қызу талқыланып, кейіннен қалалық полиция департаментінің бірнеше лауазымды шендісі қызметінен кеткен.
Сол уақытта желіде әл-Фараби көшесінде Қымбат көліктер мемлекеттік нөмірін ауыстырып, қалада жарыс ұйымдастырады деген ақпарат тараған.
АЙЫПТАУ
Айыптау актісіне сәйкес, 1993 жылы туған Александр Пак жол апаты болған түні жалған мемлекеттік нөмір тағылған Zeekr X көлігін тізгіндеп, әл-Фараби даңғылы бойымен батыс бағытта келе жатқан.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ол мас күйде болған, жол қозғалысы ережелерінің бірден бірнеше тармағын бұзған, қауіпсіз жылдамдықты сақтамаған, қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes-Benz C300 көлігімен соқтығысқан.
Александр Пактың қанынан 1,3 промилле алкоголь анықталған. Сондай-ақ соттың автотехникалық сараптама дерегінше, соқтығыс сәтіне дейін Zeekr X көлігінің жылдамдығы шамамен сағатына 219 шақырым болған.
– Жол апаты салдарынан оқиға орнында Mercedes-Benz C300 көлігінің жүргізушісі, 1996 жылы туған Еламан Тілемісов және оның екі жолаушысы – 2003 жылғы Құмар Теңеубаева мен 2005 жылы туған Томирис Қыдырбек қаза тапты, – делінген айыптау актісінде.
Күдікті Александр Пакке қылмыстық кодекстің 345-1 4-бабы бойынша айып тағылған.