Үкімет іссапарлар мен форумдарға бөлінген 301 млрд теңге шығынды қысқартатын болды

Аян Өрібай

Бұл туралы Үкімет отырысында қаржы министрі Мәди Тәкиев айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

– Орталық мемлекеттік органдармен жұмысты атқардық. 301 млрд теңгені қысқартамыз. Ол шетелге шығатын іссапарларға, конференцияларға, басқа жобаларға қатысты шығындар, – дейді қаржы министрі.

Үкімет бюджет шығынын қай қаражатпен жапқалы отыр?

Бұл сұраққа қаржы министрі бюджет шығысы 23,9 трлн теңгені құрайды. 

– Оны қалай жабамыз? Салықтардан түсетін таза табысымыз 16 трлн теңге. Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге алынады. Қалғаны бюджет дефициті. Ол дефицитті біз облигацияларды сатып жабамыз. Бүгінгі таңда дефицит 2,3 трл теңге, – дейді ол.

Мұның алдында Ұлттық банк ақша-кредит саясаты туралы баяндамасында бюджет шығыны өсіп бара жатқанын жазып, дабыл қаққан. Ұлттық банктің есебіне сүйенсек, 2023 жылы шығындардың өсімі 24,3%-ды құраған. Шығындар құрамында қорғаныс пен өнеркәсіпке жұмсалатын шығыстардан басқа, қалған салалар айтарлықтай қарқынмен өсіп барады.

– Шығындардың өсуіне педагогтардың жалақысының, студенттердің стипендияларының, оқуға арналған гранттар санының артуы себебінен білім беруге, зейнетақының, жәрдемақының және атаулы әлеуметтік көмектің ұлғаюы аясында әлеуметтік қамсыздандыруға, инфрақұрылымды дамытуға арналған шығындардың өсуіне байланысты ТКШ-ға арналған шығыстар негізгі үлес қосады. Бұдан басқа, Үкіметтің ішкі борышының ұлғаюы аясында оған қызмет көрсету өсіп барады, – деп атап өтеді Ұлттық банк.

Бектеновтың тапсырмасы

Еске сала кетейік, Олжас Бектенов үкімет басшысы болып  тағайындалған кезде қаржы-экономикалық блок министрлерін тыңдап, бюджет шығыстары толығымен экономикалық табыс әкелуге бағытталып, өнімсіз шығыстар толығымен жойылуы керектігін атап өткен.

«Қаржы министрлігі 10 күн ішінде республикалық бюджетке және бір ай ішінде жергілікті бюджеттердің барлығына ревизия жүргізіп, аса маңызы жоқ шығыстарды айтарлықтай қысқартуы тиіс. Ешкім де ақшаны орынсыз шашпауы керек», — деді Олжас Бектенов.

Cонымен қатар премьер-министр салық кодексінің жобасын қайта жазып, оның философиясын өзгерту қажеттігін атап өткен. «Сарапшылар мен бизнес қоғамдастықтарының пікірлерін ескеру қажет. Салық кодексі бизнестің белсенді болуына жағдай жасап, оны ұлғайтуға ынталандыруы керек» деді ол.