Қазақстан Үкіметі Ұлттық қордан «нысаналы ақшаны алмаймыз» деп уәде береді

Аян Өрібай

Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Ұлттық қорға түсіп жатқан қаражат жыл сайын өседі деп болжайды. Мұнай бағасына иек артады. Бұл болжамын ол Парламент палаталарының бірлескен отырысында айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ulysmedia.kz

Байбазаров не дейді

Министрдің айтуынша, Ұлттық қордың қаражатының өсімі ішкі өнімнің өсу динамикасымен байланысты болады. Былтыр Үкімет кепілденген трансферттерді 20 пайыздан 8 пайызға дейін азайтқан.

– Нысаналы трансферттер тек маңызды, ел деңгейіндегі жобаларға қаржыландыру үшін алынады. Ол бойынша да шектеулер бар. 2025-2026 жылдары нысаналы трансферттерді алуды көздеп отырған жоқпыз. Ұлттық қордан алынатын ақшаны квазисекторға жіберетін болсақ, баламалы қаржы көздерін ескере отырып, мемлекеттік маңызы бар шараларға ғана алуға болады. Оны алу үшін қаншалықты қажет екенін дәлелдеу керек. Ұлттық банкпен бірге шешім қабылдау үшін ұсыныстарды білдіреміз. Бұл да шектеудің бірі, – дейді ол.

Министрдің айтуынша, жыл сайын Ұлттық қорға түсетін қаражат динамикасы өсіп келеді.

– Біздің болжам бойынша мұнай өндірісі 104 млн тоннаға дейін жетуі керек. Бұл Ұлттық қорға түсетін қаражатты көптеп әкеледі. Қазір мұнай бағасы орта мерзімде баррелі 80 доллардан кем болмайды деп болжап отырмыз. Осы факторлардың бәрі де Ұлттық қордың қаражатының артуына мүмкіндік береді, – дейді ол.

Ұлттық қордан мамырда қанша ақша алынды

Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін мамырда 800 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 16%-ын және күніне 40 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерді құрады. Ұлттық банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтағы бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын біркелкі қалыпта сатуды білдіреді. Мұндай тәжірибе Ұлттық қордағы операциялардың валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Интервенция жүргізілген жоқ

Ұлттық банк мамырда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жалғастырды. Оның жалпы сомасы 500 млн АҚШ долларын немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 10%-ын құрады. Ұлттық банк мамырда валюталық интервенция жүргізбеген.

Ұлттық қордан маусымда қанша ақша алынады

Республикалық бюджетке трансферттер бөлуге Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша 2024 жылғы маусымда Ұлттық Банк Ұлттық қордан 350 млн АҚШ долларынан 450 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылуын күтеді.

БЖЗҚ

2024 жылғы маусымда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін 250 млн АҚШ долларынан 350 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатып алу көзделген.

– Ұлттық банк ашықтық қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін барлық операция туралы ақпаратты толық ашып көрсетеді. Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады, – деп хабарлайды Ұлттық банк.

ҰБ теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана беретінін хабарлайды.