7 миллионға жуық қазақстандықтың табысы өседі

Ulysmedia

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі (бұдан әрі – ЕТК) мен айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) мөлшерінің артуы мемлекеттік бюджеттен зейнетақы мен жәрдемақы алатын 5,1 млн адам кірісінің өсуіне әкеледі, ал ең төменгі жалақының (бұдан әрі – ЕТЖ) ұлғаюы экономиканың барлық салаларында жұмыс істейтін 1,6 млн адам кірісінің өсуін қамтамасыз етеді деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Көрнекі сурет: ашық дереккөзден

Сарапшылар азаматтарды қолдау үшін мемлекеттік бюджеттен жүзеге асырылатын әлеуметтік төлемдердің мөлшерін белгілеу үшін Қазақстанда ЕТК және АЕК қолданылатынын айтады. Ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіш мөлшері инфляцияның болжамды деңгейін ескере отырып, жыл сайын белгіленуде.

«Мәселен, 2020 жылы елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты ЕТК мен АЕК мөлшері екі рет, жалпы алғанда 10%-ға ұлғайтылды. Биыл олар 5% индексацияланып, ЕТК және АЕК мөлшері тиісінше 34 302 теңге және 2 917 теңгені құрады», – деп тарқатады министрлік өкілдері.

Олардың сөзінше, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасын және айлық есептік көрсеткішті 5%-ға индексациялау жоспарлануда. Нәтижесінде ЕТК мөлшері 36 018 теңгені, ал АЕК – 3 063 теңгені құрамақ.

«2022 жылға арналған республикалық бюджетте мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға 4 трлн теңге, оның ішінде зейнетақы мен барлық әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерін индексациялауға 190,4 млрд теңге көзделуде. Бұл 4,2 млн адамның табысын арттырады, оның ішінде:

- 2,3 млн-ға жуық зейнеткерге ынтымақты зейнетақы мөлшерін 7%-ға (инфляция деңгейінен 2%-ға оза отырып) және базалық зейнетақы төлемін 5%-ға, жалпы сомасы 138,3 млрд теңгеге арттыру жүргізілетін болады;

- 1,9 млн алушыға әлеуметтік жәрдемақы жалпы сомасы 52,1 млрд теңгеге, 5%-ға арттырылады.

Бұдан тыс ЕТК деңгейінің өсуі атаулы әлеуметтік көмек алатын 900 мыңнан астам адамның кіріс деңгейіне де оң әсер етеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕТЖ мөлшері ағымдағы 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін ұлғайтылатын болады. Осылайша ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуі 41%-ды құрайды», – дейді құзырлы орын мамандары.

Нәтижесінде, Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушілер жұмыскерлерге еңбекақыны ЕТЖ төмен емес деңгейде қамтамасыз етуге міндетті болмақ. Бұл шара барлық саладағы әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,6 млн адамның ақшалай табысының өсуіне алып келеді делінуде.

Бірінші кезекте ЕТЖ көтерілуі «жалақысы төмен» қызметкерлерге қатысты болады. Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер, қызметкерлердің басқа даа санаттарының жалақысын қайта қарауы тиіс.