ҰҚК, ІІМ, Бас прокуратура – 2025 жылы күш құрылымдарын ұстауға қанша қаражат бөлінеді

Аян Өрібай

Ulysmedia.kz тілшісі бұл сұраққа жауап іздеу үшін бюджет жобасына үңіліп көрді.

Ulysmedia коллажы

ӘУЕЛІ ТҮСІМ ЖАЙЛЫ

Түсім қанша болатынын бұған дейін Мәжілісте Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин айтқан еді. Оның сөзінше, 2025 жылы республикалық бюджет жобасында түсім 21,3 трлн теңгені құрайды деген болжам бар. Оның негізгі бөлігі салық түсімінен (15,1 трлн теңге) келеді.

Ресми есепке сүйенсек, салық түсімі азаяды (2024 жылы 15,7 трлн теңге болған). Мемлекет келесі жылы табыс салығынан 5 трлн теңге, iшкi салықтардан 7,7 трлн теңге, халықаралық сауда мен сыртқы операцияларға салынатын салықтардан 2,3 трлн теңге, салықтық емес түсiмдерден 453 млрд теңге түседі деп болжайды.

Ал жалпы шығындар 25,6 трлн теңгені құрайды.

ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Iшкi iстер министрлiгiне 2025 жылы төмендегідей қаражат бөлу көзделген:

  • қоғамдық тәртіпті қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті, қылмыстық-атқару жүйесін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты айқындап, іске асыруға – 179,7 млрд теңге; (былтыр 168,1 млрд теңге болған)
  • Халықты жеке басты куәландыратын құжаттармен, жүргізуші куәліктерімен, көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу үшін құжаттармен, нөмірлік белгілермен қамтамасыз етуге  – 25 млрд теңге;
  • Қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге – 272 млрд теңге;
  • Қылмыстық-атқару жүйесінің қызметін ұйымдастыруға – 74 млрд теңге;
  • Ішкі істер органдарының жедел-іздестіру қызметтерін жүзеге асыруға – 20,7 млрд теңге.
  • Кадрларын оқыту, біліктілігін арттыру және қайта даярлауға 21 млрд теңге жұмсалады.

Осылайша, 2025 жылы Ішкі істер министрлігінің қызметіне 592 млрд теңгеден астам қаражат бөлу көзделген. Бұл ведомствоға биыл бөлінген сомамен шамалас.

ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІ

Бюджет жобасына сәйкес, 2025 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне 607 млрд теңге бөлу көзделген. Оның ішінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 595,6 млрд теңге, ұлттық қауіпсіздік жүйесін дамыту бағдарламасына 11,4 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Биыл осы қызметтері үшін ҰҚК-ға 586,8 млрд теңге бөлінген.

БАС ПРОКУРАТУРА

Берік Асыловтың жетекшілігіндегі құзырлы орган заңдарды және заңға тәуелді актілерді дәлме-дәл қадағалауға 59,7 млрд теңге жұмсаса, құқықтық статистикалық ақпаратпен қамтамасыз етудің жедел жүйесін құруға 489 млн теңге сұрап отыр. Одан бөлек күш құрылымдарының кәсіби деңгейін жоғарылату және оларға жоғары білімнен кейінгі білім беру үшін тағы 3,3 млрд теңге бөлу көзделген.

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРЛІГІ

Биылғы су тасқыны мемлекет билігін төтенше жағдайлармен күресуге көбірек көңіл бөлуге мәжбүрледі. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов таяуда төтенше жағдайлармен күресу үшін ұшақтар мен тікұшақтар сатылып алынатынын мәлім еткен еді. Ол бюджетке арзан түспейтіні анық.

Ведомствоға 2025 жылы апаттардың алдын алып, оларды жою, өнеркәсіптік қауіпсіздік, мемлекеттік материалдық резерв саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға, одан бөлек төтенше жағдайлардан қорғау объектілеріне 168 млрд теңге бөлу көзделген. Одан тыс кадрларды оқытып, біліктілігін арттыруға 2,7 млрд теңге, Төтенше жағдайлар қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін емдеу және төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету жөніндегі көрсетілетін қызметтерге 4,1 млрд теңге, Сейсмологиялық ақпарат мониторингі 998 млн теңге, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және сақтау бойынша іс-шараларды іске асыруға 10 млрд теңге бөлу көзделген.

ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ

Бюджеттің қомақты бөлігі бөлінетін тағы бір ведомство – Қорғаныс министрлігі. Қарулы Күштерінің жауынгерлік, жұмылдыру дайындығын қамтамасыз етіп, бұл бағыттағы мемлекет саясатын іске асыру үшін 629,4 млрд теңге бөлінбек. Мамандандырылған білім беру ұйымдарында білім беріп, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білімі бар, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында мамандар даярлауға 25,6 млрд теңге, медицинасына 11,6 млрд теңге бөлу жоспарланған.

2024 жылы Қорғаныс министрлігінің керегіне 575 млрд теңге бөлінген. 2025 жылы бұл шығынды Қазақстан билігі шамамен 100 млрд теңгеге жуық сомаға арттырады.

АНТИКОР

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне 2025 жылы 31,4 млрд теңге бөлу көзделген. Оның 21,3 млрд теңгесін Антикор жемқорлық қылмыстарға қарсы іс-қимыл жөніндегі бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастырып, іске асыруға, 9,8 млрд теңгесін жедел-іздестіру қызметіне бөледі.

Бұл тек бюджеттің жобасы. Жыл соңына дейін оған өзгерістер енгізілуі мүмкін. Түпкі қаражатты желтоқсанда бюджет қабылданған кезде көре аламыз.