Үкімет «Бәйтерек» холдингінің капиталын 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтады

Аян Өрібай

Бұл жайлы премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ЖҰМАНҒАРИН НЕ ДЕЙДІ

Жұманғариннің сөзінше, биыл және одан кейінгі жылдары экономикалық өсудің қарқынын ұлғайту үшін үкімет экономиканың нақты секторын қаржыландыруды едәуір ұлғайтады. Атап айтқанда, «Бәйтерек» холдингінің капиталын 2025 жылы 1 трлн теңгеге ұлғайтады. “Бұл шара холдингке 8 трлн теңге сомасына жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді” дейді ол.

Вице-премьер сонымен бірге аталған инвестициялар елде жаңа жобаларды құруға бағытталатынн, соның нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінің өндіріс қуаты ұлғайып, өнімділігі жоғары жаңа жұмыс орындары құрылатынын атап өтеді.

Бизнесті қолдау үшін «Бәйтерек» тарапынан қаржыландыру көлемін ұлғайтумен қатар, қаржыландырудың жаңа құралдары енгізіледі, – дейді ол.

ЕНШІЛЕС КОМПАНИЯСЫ ЖАЙЛЫ

"Қазақстан бюджетін қалай толтырамыз" деген қызу пікірталас жүріп жатқанда біз бітпейтін бір тақырыпты – қазақстандықтар жақсы өмір сүріп, жаһандық қаржы дағдарыстарынан қорықпас үшін құрылған түрлі квазимемлекеттік компанияларды ұмыта бастағанымызды бұған дейін жазған едік. Біздің жауапты басшылар таңдап алған өркендеудің бір жолы – тікелей инвестициялар арқылы экономиканың түрлі секторында инновациялық компанияларды құру. Осы мақсатта тікелей инвестициялар қорларының қоры да құрылған. Ол – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес компаниясы. Алайда көріп отырғанымыздай, елімізге тікелей инвестициялар аса қажет емес сияқты. Әйтпесе, 200 миллиард теңге жарғылық капиталы бар компанияның 2024 жылдың ішінде бар болғаны бірнеше компанияға ғана инвестиция салып, оның мөлшері 10 есе аз болғанын қалай түсіндіруге болады? Осы мәселені толығырақ Ulysmedia.kz материалында жариялаған еді.