Әлемдік нарықта мұнай бағасы бірден 8,7% төмендеді. АҚШ Конгресінің қос палатасында да демократтар басымдыққа ие болғаннан кейін инвесторлар АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыстың аяқталу мүмкіндігін бағалай бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Соғыстың аяқталуына үміт артты
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, АҚШ-та өткен аралық сайлаудан кейін мұнай бағасы 8,7% арзандаған. Сайлау қорытындысында Республикалық партия Конгрестегі басым позициясынан айырылды.
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс республикашылдардың сайлаудағы сәтсіз нәтижесін Иранмен арадағы соғыспен байланыстырды. Қақтығыс бензин мен дизель отыны бағасының өсуіне әсер етіп, америкалық сайлаушылардың көңіл күйіне ықпал еткен факторлардың біріне айналды.
Енді демократтар Дональд Трамп әкімшілігінің шешімдеріне көбірек ықпал ете алады. Атап айтқанда, олар әскери іс-қимылдарды қаржыландыруды шектеуге күш салуы мүмкін. Инвесторлар мұның нәтижесінде қақтығысты реттеу ықтималдығы артып, мұнай бағасына түсетін қысым бәсеңдейді деп есептейді.
Ал АҚШ қор нарығында акциялар қымбаттады. Негізгі қор индекстері 1,4%-дан 3%-ға дейін өсті.
– Инвесторлардың оң реакциясы саяси белгісіздіктің азаюын және Трамп әкімшілігінің жаңа заңнамалық бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндігінің шектелуін күтуімен байланысты. Сонымен қатар демократтардың жеңісі реттеудің автоматты түрде қатаңдайтынын білдірмейді. Маңызды заңдардың басым бөлігін қабылдау үшін президент ветосын еңсеру немесе партияаралық келісімге келу қажет, – деп атап өтті Қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары.
Контекст
АҚШ-тағы аралық сайлауда жеңіске жеткен демократтар Таяу Шығыстағы соғысты тоқтатуға және Дональд Трамп енгізген кедендік баждарды жоюға күш салатынын мәлімдеді.
Партия жетекшілері Хаким Джеффрис пен Чак Шумер әскери операцияларды қаржыландыруды шектеуге ниетті екенін айтты.