Бұл жөнінде толығырақ премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖҰМАНҒАРИН НЕ ДЕЙДІ
Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин үкімет отырысында Қазақстанда бизнестің кредиттеріне кепілдік беретін екі қор құрылатынын хабарлады. Ол бизнестің несиелеріне кепілдік беру тетігі тиімді тәжірибе ретінде, соның ішінде басқа елдерде де өзін дәлелдегенін атап өтеді. Оның бірі шағын және орта бизнеске арналады.
Шағын және орта бизнес үшін кредиттерге кепілдік беру және пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау көлемі ұлғаяды. Биылдың өзінде 1,7 трлн теңге сомасына 30 мыңға жуық ШОБ жобасына қолдау көрсетіледі», — деді Серік Жұманғарин.
Сонымен қатар ірі бизнестің кредиттеріне кепілдік беру үшін жаңа қор құрылады. Жоспар бойынша ол ірі бизнеске арналған кепілдік қоры болмақ әрі стратегиялық маңызды жобаларды кепілмен жеткілікті түрде қамтамасыз ету мәселесін шешеді.
ТОҚАЕВ НЕ ДЕП ЕСКЕРТТІ
Өткен айда үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Тоқаев үкіметке бюджет қаражатын үнемдеп, тек өзекті мәселелерге жұмсауға тапсырма берген еді. Мемлекет басшысы “үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет” деген. Білікті мемлекеттік қызметкерлер ел экономикасын тұралап қалудан сақтауы керек екенін атап өтіп, қазір күрделі кезеңде мемлекеттік аппараттың тиімділігі алғы шарттың бірі екенін мәлім еткен.