Вице-министр имидждік шараларға жұмсалатын миллиондар өзін ақтайды деп мәлімдеді

Аян Өрібай

Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов брифиң барысында қаражат үнемдеу жағдайында имиджді іс-шараларға миллиондаған қаржының жұмсалуына қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

Қасеновтың мәліметінше, республикалық бюджет шығындары ішіндегі имиджді іс-шаралардың үлесі “бар болғаны 0,01%” құрайды.

Жалпы, имиджді іс-шаралар, оның ішінде инвестициялық форумдар – әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын негізгі құрал. Мұндай тәжірибе капитал мен инвестиция тартуға, елдің экспорт әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Біз бұл іс-шаралардың белгілі бір шектеулер аясында орынды екенін есептейміз. Бұған дейін шетелдік инвестиция көлемі 20 млрд долларды құрайтынын айтқан едім – олардың бір бөлігі осындай іс-шаралардың арқасында тартылды. Инвестиция тарту мен экспортты дамыту үшін 1-2-3 млн доллар көлеміндегі іс-шараларды өткізу толықтай негізделген, – деді Қасенов.

Айта кетейік, бұған дейін сенат отырысында ұлттық экономика вице-министрі Арман Касенов Қазақстанның түрлі имидждік іс-шараларға миллиардтаған қаржы жұмсауына қатысты пікір білдірген еді. Сондай-ақ, Астанада 2,5 млрд теңге көлемінде әскери парад өткізілетіні белгілі болды.