Қазақстан билігі маркетплейстерден 50 млрд теңге салық түсімін күтеді

Аян Өрібай

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәжіліс кулуарында Қазақстандағы маркетплейстердің жұмысы туралы айтып өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

Серік Жұманғарин мәжіліс кулуарында журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Қытайдың Temu және Pindoudou маркетплейстері Қазақстанда тіркеліп, қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеушілер қатарына қосылғанын мәлімдеді.

Біз ешкіммен келіссөз жүргізбейміз, ережелерді белгілейміз. Маркетплейстер оларды не орындайды, не біздің нарықтан кетеді. Менің білуімше, Temu мен Pindoudou шартты тіркеуден өтіп, қосымша құн салығын төлеп жатыр, — деді ол.

Оның айтуынша, барлық электронды сауда алаңы үшін бірдей ереже қолданылады.

Қалған ережелер бәріне ортақ. Егер сәлемдеменің құны 200 еуродан, ал салмағы 31 келіден аспаса, оған сәйкесінше салық салынады. Егер бұл шекті мәндерден асып кетсе, 15% мөлшерінде жиынтық кедендік төлем алынады. Биыл біз маркетплейстерден 50 млрд теңге көлемінде салық түсімін күтеміз. Олардың қатарында Temu, Alibaba, Amazon және тағы 20-ға жуық компания бар, — деп толықтырды Жұманғарин.

Айта кетейік, бұған дейін 2024 жылы Қазақстанда онлайн-сауда платформалары төлеген салық көлемі туралы ақпарат жарияланған болатын.

2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша тұтынушылардан 56 мың шағым түскен, оның ішінде шамамен 13 мыңы немесе 23%-ы электрондық саудаға қатысты болған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 144%-ға көп.