Жаңа салық кодексінің жобасына сәйкес, салық төлемеген кәсіпкерлер туралы хабар берген азаматтарға сыйақы беру мүмкіндігі қарастырылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қоғам өкілі Жанар Сүлейменова салық кодексіндегі тағы бір даулы жаңашылдыққа назар аударды.
Жаңа салық кодексінің ерекшеліктерінің бірі – заңдастырылған «жала жабу» жүйесі. Енді кез келген азамат бейресми тауар сатылымына қатысты фото, видео немесе скриншот ұсынса, 2 АЕК көлемінде сыйақы алады. 1937 жылға қайта оралғандаймыз, – деп жазды ол.
Сүлейменова кодекстің 53-бабына сілтеме жасап, бұл норма бақылау-кассалық аппараттарын және төлем карталарын қабылдауға арналған құрылғыларды пайдалану талаптарының бұзылуына қатысты екенін атап өтті.
Жобаға сәйкес, азаматтар мұндай заңбұзушылықтарды салық органдарына хабарлай алады. Айғақ ретінде фото және видеоматериалдар, ақша аударымдарының түбіртектері қабылданады.
Құжатта сондай-ақ "осы бап аясында сыйақы төлеу тәртібін уәкілетті орган айқындайды. Алайда әдейі жалған ақпарат берген тұлғалар бұл тетікті пайдалана алмайды” деген тармақша бар.
САЛЫҚТАР
Қазақстанда бюджет тапшылығын еңсеру мақсатында салық реформасы қызу талқыланып жатыр. Үкімет бірқатар жаңа бастамалар ұсынДЫ, атап айтқанда:
ҚҚС-тың базалық мөлшерлемесін 16% деңгейінде белгілеу;
Басымдық берілген салалар үшін 10% төмендетілген мөлшерлеме енгізу;
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді ҚҚС-тан босату.
Сонымен қатар, ҚҚС бойынша есепке алу шегін 15 млн теңгеге дейін төмендету және қолданыстағы арнайы салық режимдерін қайта қарау ұсынылып отыр.