Мәжілісте үкіметтің 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп тыңдалып жатыр. Отырыста жоғары аудиторлық палатаның қорытындысы таныстырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТҮСІМ ЖӘНЕ ШЫҒЫН
Отырыс барысында жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов үкіметтің 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне берілген Жоғары аудиторлық палата қорытындысының негізгі бағыттарын таныстырды. Оның айтуынша, 2024 жылғы бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуы бойынша бекітілген 16,1 трлн теңге көлеміндегі жоспар 2 трлн теңгеге (12%) қысқартылып, 14,1 трлн теңгені құраған. Алайда жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш те толық орындалмаған. Орындалмаған сома – 609 млрд теңге.
Салық түсімдері негізгі кіріс көзі болып қалып отыр. Олар республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің 63%-ын немесе 12,3 трлн теңгені құрайды. Дегенмен 2023 жылмен салыстырғанда салықтардың үлесі 5%-ға немесе абсолютті мәнде 604 млрд теңгеге азайған.
Республикалық бюджет шығыстарының жартысына жуығы Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер мен алынатын қарыз қаражаты есебінен өтеледі. Қаржыландырудың басқа көздеріне тәуелділіктің өсуі қаржылық тұрақтылықты төмендетіп, бюджеттің атқарылуына байланысты проблемаларға әкелді. 2024 жылы республикалық бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотында қаражаттың жетіспеуіне байланысты 422 млрд теңге игерілмеді. 2024 жылы республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне қатысты бюджет параметрлерінің болжамына үш рет өзгеріс енгізілгенімен, есепті жылы тіпті алғашында жоспарланған кіріс болжамының пессимистік сценарийдің де орындалуы қамтамасыз етілмеді, – дейді ол.
Республикалық бюджеттің шығыстарына 13 рет өзгерістер енгізілген. Бұл соңғы 5 жылдағы рекордтық көрсеткіш болып отыр. Ақыры бюджеттің шығыс бөлігінің 26%-ы (6,2 трлн теңге) қайта қаралған. Мұндай жиі енгізілетін өзгерістер бюджеттік жоспарлаудың болжамдылығына нұқсан келтіре отырып, қысқа мерзімді шешімдерге баса назар аударуға бағытталғандығын көрсетеді.
ИНВЕСТИЦИЯ
ЖАП өкілінің айтуынша, 2024 жылдың негізгі үрдісі инвестицияларды қаржыландыру құрылымындағы өзгеріс болып отыр. Меншікті инвестициялар 257 млрд теңгеге немесе 7%-ға төмендеген. 2024 жылы өңірлерге бюджеттен жалпы 7 трлн теңге аударылған. 912 жобаны аяқтау жоспарланған, алайда әкімдіктердің мәліметі бойынша есепті жылы тек 449 жоба немесе небәрі 49%-ы аяқталған.
Былтыр жоғары аудиторлық палата 27 аудиторлық іс-шара өткізген. Нәтижесінде 862 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 65%-ға көп. Бюджетке 135 млрд теңге өтелді (орындау мерзімдері келгендері бойынша). Аудит материалдары бойынша 175 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылса, 198 адам тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Сонымен қатар Үкіметтің 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне Жоғары аудиторлық палатаның қораянытындысы шеңберінде жүргізілген бағалау бойынша бюджеттік бағдарламалардың тиімсіз басқарылу сомасы 147 млрд теңгені құрады», — деп қорытындылады Нұрлан Нұржанов.
Отырыс әлі жалғасып жатыр.