«Жартысы емес, 7,5% ғана»: Жақыпов «Самұрық-Қазынаның» экономикадағы үлесін атады

Сырым Қаржас
Ұлысмедиа коллажы

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры басқармасының төрағасы Нұрлан Жақыпов 2024 жылы қордың Қазақстан экономикасындағы үлесі 7,5 пайыз болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жақыповтың айтуынша, еліміздің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) – бұл белгілі бір уақыт ішінде мемлекет аумағында өндірілген барлық жұмыс, тауар мен қызметтің жиынтық құны. Қазақстанда бұл кезең – бір жыл. 2024 жылы Қазақстанның ЖІӨ-сі 134 трлн теңгені құраған.

“Самұрық-Қазына” дегеніміз не? 2024 жылы “Самұрықтың” жиынтық кірісі 16,5 трлн теңге болды. Бұл 134 трлн теңгенің тек 12 пайызы ғана. Алайда бұл көрсеткіш “Самұрықтың” экономикаға қатысу деңгейін нақты сипаттай алмайды. Бұл сомадан біз жұмыс, тауар мен қызметтердің өзіндік құнын – 10,3 трлн теңгені шегеруіміз керек. Оған қоса, біз 2024 жылы іске асырған жаңа жобаларға жұмсалған 3,9 трлн теңгені қосу қажет. Сонда “Самұрықтың” экономикадағы, яғни ЖІӨ-дегі үлесі абсолютті мәнде 10,1 трлн теңгені құрайды. Бұл пайыздық тұрғыда – 7,5%, – деді Жақыпов.

Айта кетейік, жуырда мәжіліс отырысында депутат Әділ Жұбанов “Самұрық-Қазынада” жемқорлық қаупі бар екенін айтып, Ұлттық әл-ауқат қорын реформалауды ұсынған еді.

Мамыр айында «Самұрық-Қазына» қорына аудиторлық тексеріс жүргізіліп жатқаны туралы айтылған. Әзірге оның нәтижесі белгісіз. Бұған дейін Ulysmеdia қорды таратудың саяси және экономикалық маңызы қандай екені туралы материал жариялаған.