Сарапшылар доллардың күрт төмендеу себебін түсіндірді

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Сарапшылардың мәліметінше, валюта бағамының жоғары ауытқуы ішкі нарықта шетел валютасына деген сұраныс пен ұсыныстың уақытша күрт өзгеруінен хабар беруі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының хабарлауынша, дүйсенбі күні KASE валюта нарығындағы сауда-саттықта ұлттық валютаны сатып алу басым болды. Бұл жағдай әлемдік нарықтардағы тәуекелге бейімділіктің артуы, мұнай бағасының әлі де жоғары деңгейде сақталуы және кейбір қатысушылар тарапынан шетел валютасына деген сұраныстың қанағаттандырылуымен байланысты болған.

- Дүйсенбі күнгі сауда қорытындысы бойынша доллардың орташа бағамы айтарлықтай төмендеп, бір доллар үшін 529,59 теңге болды (-3,74 теңге). Сауда көлемі жыл басынан бергі орташа деңгейге жуық болды – 241,5 млн доллар (-98,7 млн). Бағамның жоғары құбылмалығы ішкі нарықта шетел валютасына деген сұраныс пен ұсыныстың бір реттік күрт өсуін көрсетуі мүмкін, – делінген жарияланымда.

Сарапшылардың айтуынша, ұлттық валютаның қалпына келу әлеуеті әлі де толық таусылған жоқ. Бұған Ұлттық қордан шетел валютасының жоғары көлемде сатылуы мен тамыз айының екінші жартысында өтетін дәстүрлі тоқсандық салық кезеңі ықпал етуі мүмкін, себебі бұл кезде валюта нарығындағы шетел валютасының ұсынысы әдетте артады.