"Бюджетке келгенде бейберекетпіз": Сарапшы ащы шындықты айтты

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Жоғарғы аудиторлық палата (ЖАП) 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы бойынша есебін жариялағаннан кейін, саясаттанушы Данияр Әшімбаев жүргізілген саясаттың тиімсіздігін атап өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Әшімбаевтың айтуынша, мемлекеттік бағдарламаларды жоспарлау мен іске асыруда жүйесіздік байқалады. Тіпті кейбір салалардағы мемлекеттік саясаттың өзі күмән тудырады.

Есепте көрсетілген кейбір экономикалық жетістіктер тек қағаз жүзіндегі көрсеткіштер ғана. Ол статистикамен жасалатын манипуляцияларға назар аударып, нақты өсімнің жоқ екенін айтты.

КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКА

Саясаттанушы еңбекпен қамту, ШОБ дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, автожолдар салу секілді салаларда да үлкен сұрақтар бар екенін жеткізді. Және бұл бағыттар бойынша нақты шаралар қабылданып қана қоймай, тіпті жоспарланбай отырғанын айтты.

— Экономикалық саясаттың бейберекет жоспарлануы мен бақылаусыз іске асуының салдары - Ұлттық қор қаржысына қайта-қайта жүгіну және ішкі-сыртқы нарықтардан қарыз алу. Бұл өз кезегінде мемлекеттік борышты өтеуге кететін шығынды арттырады. ЖАП бұл есепте сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен тиімсіз шарттармен алынатын қарыздарға қатысты ашық мәлімет берген. Ал квазимемлекеттік сектор, аудитке сәйкес, қарызды инвестициялық мақсатқа емес, бұрын алған несиелерді өтеу үшін алып жатыр. Мұндай квазисекторда тиімділік те, ашықтық та, нәтижеге бағытталғандық та байқалмайды, - деп түйіндеді Әшімбаев.

ТЕКСЕРІС КӨП, НӘТИЖЕ АЗ

2024 жылдың алғашқы алты айында Жоғарғы аудиторлық палата жалпы сомасы 20 трлн теңгені құрайтын 12 мемлекеттік аудит жүргізген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,1 есе көп. Тексеру білім беру, денсаулық сақтау, цифрландыру, электр энергетикасы мен жоғары жетістіктер спортын қамтыған.