Үш жылдық бюджет жобасы мақұлданды: Бектенов маңызды ескерту жасады

Сырым Қаржас
gov.kz

Үкімет алдағы үш жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және бюджет жобасын мақұлдады. Премьер-министр Олжас Бектенов шығыстарға қатаң бақылау жасауды тапсырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Үкімет отырысында 2026-2028 жылдарға және 2035 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары, сондай-ақ алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет жобасы мақұлданды.

- Республикалық бюджет жобасы мен жалпы сипаттағы трансферттер жаңа Бюджет және Салық кодекстерін ескере отырып қалыптастырылды. Барлық мемлекеттік органдарға елдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қол жеткізуді тапсырамын. Бюджет қаражатын барынша тиімді әрі уақытылы пайдалану, сондай-ақ шығыстарға қатаң бақылау жасау маңызды, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қаржы министрлігі мен ұлттық экономика министрлігіне үкімет аппаратымен бірлесіп заң жобаларын 1 қыркүйекке дейін парламентке енгізу міндеті қойылды.

Контекст

Бұған дейін президент республикалық және жергілікті деңгейде қаржыны сапалы жоспарлау мен бөлудің маңызын айтқан. Ол бюджет теңгерімділігін, әлеуметтік міндеттемелер мен өңірлердің ұзақ мерзімді жоспарларын қаржыландыруға, сондай-ақ бөлінген қаражаттың нысаналы жұмсалуына ерекше көңіл бөлуге шақырған.

Ал саясаттанушы Данияр Әшімбаев шенеуніктердің бюджетті игеру іс-әрекеттерін «мағынасыз» деп бағалаған. Оның айтуынша, бұл тек жоспарлауға ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік бағдарламаларды жүйесіз жүзеге асыруға қатысты. Кейбір жағдайларда мәселе тұтастай осы салалардағы мемлекеттік саясатқа да қатысты болып отыр.