Қазақстанда енді ірі көлемдегі несие рәсімдеген азаматтарға шешімін қайта қарауға қосымша уақыт ұсынылады. Бұл туралы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қосымша уақыт қалай беріледі?
Әбілқасымованың айтуынша, несие шартына қол қойылғаннан кейін банк белгілі бір уақыт аралығында қаражатты қарыз алушыға бірден аудармайды. Бұл кезеңде азаматтың шешімін қайта ой елегінен өткізуге мүмкіндігі бар. Яғни осы уақыт ішінде ол несиеден толықтай бас тарта алады.
1 млн теңгеден асатын несиеге – 24 сағат
Егер несие сомасы 1 миллион теңгеден жоғары болса, қарыз алушыға қосымша 24 сағат уақыт беріледі. Бұл кезеңде клиенттердің алаяқтардың құрбаны болмауы үшін қосымша тексеріс жүргізіледі.
– Қарыз алушы алаяқтардың ықпалымен әрекет еткен болса, есін жиып, қайта ойланып, несиеден бас тартуға мүмкіндік алады. Несие сомасы миллион теңгеден асса, 24 сағат беріледі, – деді агенттік басшысы.
Орташа сомадағы қарыздарға – 8 сағат
150-ден 250 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 600 мыңнан 1 млн теңгеге дейінгі) көлемінде рәсімделетін несиелерге 8 сағаттық қосымша уақыт қарастырылған.
Бұған дейін мұндай қарызды бірнеше минут ішінде рәсімдеу мүмкін болса, енді азаматтарға шешімін таразылап, алаяқтық жағдайлардан сақтануға уақыт берілмек.