Енді 500 мыңнан артық ақша салсаңыз ЖСН талап етілуі мүмкін

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан банктері банкоматтардағы бейнежазбаларды кемінде 180 күн сақтауға міндетті болады. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұл шара күмәнді операцияларға қатысқан тұлғаларды анықтауға мүмкіндік береді.

Қайрат Бижановтың айтуынша, банкоматтарды қолма-қол ақша шығару схемаларында пайдалану әлі де өзекті мәселе болып отыр. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, мұндай операциялардың көлемі өсіп келеді.

– Негізгі осал тұсы – жөнді сәйкестендірусіз анонимді операциялар жүргізу мүмкіндігі. Көп жағдайда олар бөтен адамдардың атына тіркелген карталар арқылы жүзеге асырылады, – деді Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары.

Тәуекелдерді азайту мақсатында агенттік қаржы реттеушісімен бірлесіп практикалық шешімдер кешенін әзірлеген.

Оның айтуынша, енді картаға 500 мың теңгеден жоғары сомаға ақша салар болсаңыз жіберушінің жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) көрсету міндетті болады. Бұған дейін тек алушының ЖСН-і талап етілетін. Сондай-ақ мұндай операцияларды мобильді қосымша немесе SMS арқылы растау тетігі енгізілуі мүмкін.

Бұдан бөлек, бет-әлпетті немесе саусақ ізін тану сияқты биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.