Биыл 900 мыңға жуық адам атаулы әлеуметтік көмек алды

Ulysmedia

2021 жылғы бірінші қыркүйекте 891 мыңнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

фото: Ашық дереккөзден

2021 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, 186,2 мың отбасындағы 891,1 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалды. Биыл осы мақсаттарға бюджеттен 83 млрд теңге бөлінді, дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

АӘК отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен азаматтарға тағайындалады.

Бұдан басқа, АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен (әлеуметтік топтама) қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

2021 жылғы 1 қыркүйекте АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 227,1 мың балаға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама тағайындалды.

АӘК алушыларға төтенше жағдай режимі мен карантиндік шектеу шараларының қолданылуына байланысты 2020 жылғы II, III және IV тоқсандарда, сондай-ақ 2021 жылғы I, II тоқсандарда көмек тағайындау ұзартылды.

Қазір қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығында, сондай-ақ egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.