Байлар да жылайды: 2026 жылы ауқатты қазақстандықтардың салығы қаншалықты өседі?

Сырым Қаржас
ЖИ / ulysmedia.kz

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті 2026 жылдан бастап жеке табыс салығын есептеудің жаңа ережелерін түсіндірді. Ең басты өзгеріс – енді жоғары табыс табатын азаматтар көбірек салық төлейтін болады. Ulysmedia.kz кімге және қаншалықты артық төлеуге тура келетінін баяндайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкері Айгүл Аббасованың айтуынша, 2026 жылдан бастап Қазақстанда жеке табыс салығының (ЖТС) прогрессивті шкаласы енгізіледі. Ол екі деңгейден тұрады, ал жоғары мөлшерлеме жылдық табысы 8 500 айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 36 млн теңге) асатын адамдарға ғана қолданылады.

– Осы шекке дейін жеке тұлғалар табысының 10 пайызын салық ретінде төлейді. Ал 36 миллион теңгеден асқан бөлігіне 15 пайыздық мөлшерлеме қолданылады, – деп түсіндірді Аббасова.

Оның айтуынша, бұл тек жалақыға ғана емес, жеке тұлғаның барлық кіріс көздеріне қатысты болады. Тек дивидендтер мен жеке кәсіпкерлердің басқа кірістері бұл ережеге кірмейді.

КІМДЕР КӨБІРЕК ТӨЛЕЙДІ? 

Мемлекеттік кірістер комитетінің есебінше, жоғары мөлшерлемелі ЖТС өте аз қазақстандықтарға қатысты болмақ. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сай, бұл айына шамамен 3 млн теңге табыс табатын адамдар, яғни халықтың небәрі 1 пайызы.

Сонымен қатар азаматтар білімге, емделуге немесе ипотека төлемдеріне байланысты салықтық шегерімдерді пайдалана алады. Яғни салық салынатын табыс сомасы осы шегерімдерден кейін есептеледі.

Бірақ маңыздысы – жоғары мөлшерлеме бойынша салықты есептеу міндеті азаматтың өзіне жүктеледі.

– Жеке тұлға табысты әртүрлі көздерден алуы мүмкін. Бұл жалақы болуы ықтимал, ол бірнеше жерде жұмыс істей алады, бұл табыстар қосылады. Ол Қазақстаннан тыс жерде де кіріс табуы мүмкін. Негізгі жұмысы бар бола тұра жеке кәсіпкер ретінде де жұмыс істеуі мүмкін. Сондықтан жеке табыс салығын есептеу жауапкершілігі азаматтың өзіне жүктеледі. Ол бір жылдағы барлық табысын жинақтап, осы прогрессивті шкаланы қолдануы тиіс, – деп түсіндірді Айгүл Аббасова.

ӘЛЕУМЕТТІК ӘДІЛЕТТІЛІК ФАКТОРЫ

Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі де жоғары мөлшерлемелі ЖТС әкімшілендіруі мемлекетке түскен салықтан қымбатқа түсуі мүмкін екенін мойындаған болатын.

Айгүл Аббасова бұл салықтан түсетін жалпы республикалық кіріс едәуір аз болатынын мойындайды, алайда мұның әлеуметтік әділеттілік қағидатына сай келетінін атап өтті.

– Кім көп табыс тапса, сол көбірек салық төлеуі керек. Бұл қоғамдағы әділдікті қамтамасыз ету тетіктерінің бірі, – деді ол.