Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылға арналған әлемдегі ең ықпалды 500 мұсылманның жыл сайынғы тізіміне енді. Халықаралық рейтингте Қазақстан атынан әнші Димаш Құдайберген де бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
The Muslim 500 деп аталатын жаңа тізімді Иордания астанасы Амман қаласында орналасқан Корольдік ислам стратегиялық зерттеулер орталығы жариялады.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Саясат» санатына енгізілсе, Димаш Құдайберген «Өнер және мәдениет» бөлімінен орын алған.
Рейтинг авторлары алғашқы 50 қатысушының орнын нақты белгілейді. Ал қалған тұлғаларды қызметі мен ықпал ету саласына қарай топтастырады. Тізімге дін қайраткерлерімен қатар саясаткерлер, ғалымдар, кәсіпкерлер, спортшылар мен мәдениет өкілдері де енген.
Биыл алғашқы орынды бес адам өзара бөлісті. Олар – Сауд Арабиясының королі Салман ибн Абдулазиз, тақ мұрагері Мұхаммед ибн Салман, Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шариф, Пәкістан фельдмаршалы Асим Мунир және Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған.
Төртінші орынға Иранның жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи, бесінші орынға Иордания королі Абдалла II жайғасқан.
Орталық Азия өкілдерінің арасында ең жоғары көрсеткішке Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев қол жеткізді. Ол 40-орынға тұрақтап, алғаш рет рейтингтің үздік 50 қатысушысының қатарына қосылды.
Тізімде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров та бар. Ал танымал спортшы Хабиб Нурмагомедов арнайы құрмет белгісіне ие болған.
The Muslim 500 рейтингі 2009 жылдан бері жарияланып келеді. Оған адамды іріктеудегі басты өлшем – оның мұсылман қауымының өміріне, қоғамдық үдерістерге, саясат пен мәдениетке ықпал ету мүмкіндігі.
Жалпы тізімде саясат, дін, бизнес, қайырымдылық, ғылым, бұқаралық ақпарат құралдары, өнер және спортты қоса алғанда, 13 бағыт қамтылған.