Салық кодексі: 2026 жылы қандай өзгерістер болады?

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда 2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексі аясында оңайлатылған декларация тәртібі мен бөлшек сауда салығының салық салудың арнайы режимі бір режимге біріктіріледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қолданыстағы оңайлатылған декларация режимі жылдық табысы 180 млн теңгеге дейінгі, жұмысшылар саны 30 адамнан аспайтын кәсіпкерлерге арналған және салық ставкасы 3% болып белгіленген, деп еске салады mybuh.kz мамандары. Бұған қоса, жылдық айналымы 2,4 млрд теңгеге дейін жететін, қызметкерлер санына шектеу қойылмайтын және маслихат шешімімен 4% ставканы екі есе төмендетуге мүмкіндік беретін бөлшек салық режимі де жұмыс істеп тұр.

ЖАҢАЛЫҚ

2026 жылдан бастап екі режим біріктіріліп, төмендегідей талаптар енгізіледі:

  • Салық салудың арнайы режимі бойынша табыс шегі — 600 000 АЕК (шамамен 2,4 млрд теңге жылына);

  • Салық мөлшерлемесі — 4% (әр өңірде маслихаттар оны 50%-ға төмендетуге немесе көтеруге құқылы);

  • Жұмысшылар санына қойылатын шектеу алынып тасталады;

  • Режим тек бөлшек саудаға — яғни соңғы тұтынушымен жұмыс істеуге рұқсат береді;

  • Белгілі бір қызмет түрлеріне ғана қолданылады.

Егер кәсіпкердің жылдық табысы 100 млн теңгеден асса, еңбекақы қоры есебінен салық салынатын табысты азайту мүмкіндігі қарастырылған.

Қызмет түрлері

Бұған дейін үкімет 2026 жылдан бастап енгізілетін жаңа жеңілдетілген салық режимі бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың жұмысын жалғастыруға рұқсат етілетін қызмет түрлерінің тізімін бекіткен болатын.