Араб банкі қазақстандықтарға несие бере бастайды

Shutterstock

БАӘ-нің ADCB банкінің Қазақстандағы еншілес компаниясы әмбебап банктік лицензия алды. Бұған дейін банк елімізде тек ислам банкі ретінде жұмыс істесе, енді дәстүрлі банктік операциялардың барлығын жүзеге асыра алады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақстан қаржыгерлерінің конгресінде банкке жаңа лицензия табысталды. Исламдық қаржыландыру қызметі бұрынғыдай «исламдық терезе» арқылы ұсынылады, яғни дәстүрлі банк құрылымындағы жеке бөлімше осы бағытқа жауап береді. Бұл туралы National Business Kazakhstan жазды.

– ADCB-ге жаңа лицензия беру елімізге шетелдік банктерді тартуға, бәсекені күшейтуге және экономиканың нақты секторын несиелеу көлемін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.

Оның айтуынша, банк ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыруға да қажет.

ADCB қандай банк?

Abu Dhabi Commercial Bank (ADCB) активтерінің көлемі бойынша БАӘ-де үшінші орында. Банк тобының несие портфелі – 127 млрд доллар. Оның негізгі акционері – Mubadala қоры арқылы банкке иелік ететін Абу-Даби үкіметі.

Қазақстанда ADCB әзірге «Ислам банкі ADCB» АҚ арқылы жұмыс істейді. 2026 жылдың сәуірінде банк елімізде «Abu Dhabi Commercial Bank (Kazakhstan)» АҚ атты жаңа еншілес компаниясын тіркеді. Барлық рұқсат құжаты алынғаннан кейін ислам банкінің активтері мен міндеттемелері осы компанияға беріледі.

2025 жылы БАӘ Қазақстанға 1,64 млрд доллар тікелей инвестиция салған.

Контекст

Айта кетейік, әзірше ADCB-нің Қазақстандағы еншілес компаниясының банк жүйесіндегі үлесі аса үлкен емес. Активтер көлемі бойынша 21-орында, депозиттер бойынша 20-орында, несие портфелі бойынша 16-орында тұр.

Бұған дейін Мәдина Әбілқасымова 2020 жылдан бері Қазақстанға бірде-бір шетелдік банк келмегенін айтқан. Бұған сол кезде қойылған активтер көлеміне қатысты 20 млрд долларлық талап кедергі болған. Кейін бұл шекті 10 млрд долларға дейін төмендету ұсынылды.

Алғашқылардың бірі болып Оңтүстік Кореяның BNK Financial Group тобы мен Bereke Bank-тің қатарлық иелері елімізде жұмыс істеуге рұқсат алды.

Сізге қызық болуы мүмкін