Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджет қаражатының дұрыс игерілмеу себебін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Министрдің сөзінше, мемлекеттік бюджеттің шығыстары 93,5%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары – 94,7%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 96,3%-ке атқарылды.
«Республикалық бюджет бойынша 1,5 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. 84 млрд теңге жұмсалмай қалған, оның ішінде 13 млрд теңге – үнемдеу болса, 71 млрд теңге – игерілмеген», - деді Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында.
Ең көп игерілмеу сомасы Денсаулық сақтау, Мәдениет және спорт, Экология және табиғи ресурстар, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінде байқалған.
«Игерілмеудің негізгі себептері: төлемнің негізділігін растайтын құжаттардың болмауы немесе ұсынылмауы; шарттарды, қосымша келісімдер жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу; бюджеттік бағдарламаларды іске асыру жөнінде нормативтік құқықтық актілерді уақытылы қабылдамау; орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларды, уақтылы ұсынбау; конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу», - деді министр.