Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов – кулуарда журналистерге кездесе бермейтін шенеунік. Парламентке сирек келеді. Бүгін бюджет мәселесі талқыланған отырыста журналистердің бәрінің Пірматовқа «лап қойғаны» да содан. Оған біршама сұрақ қойылды. Соның ішінде доллар бағамы жөнінде де, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бір апта бұрын теңгеге шаққанда 430-ға дейін төмендеген АҚШ валютасы бүгін де 463 теңге болып отыр. Журналистер Пірматовтан доллардың енді қалай құбылуы мүмкін екенін сұраған.
«Ұлттық банктің негізгі мақсаты – еліміздегі баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Инфляциялық таргет саясатын жүргіземіз. Теңгенің долларға шаққандағы бағамын ешқандай нысана қойып, қандай да бір бағамды іздемейміз. Теңге бағасы нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың арқасында өз мәнін табады. Ал ұсыныс пен сұранысқа әр күні әртүрлі факторлар ықпал етеді», - деді Пірматов.
Пірматовтың айтуынша, жыл басында доллардың бағамы 462 теңге болған. Ал кешегі соңғы курс – 463,30 теңге болған. Демек, тура жыл басындағы бағам.
«Теңгенің басқа валюталарға шаққандағы бағамын біз ескеріп отырамыз. Ұлттық банк керек болса интервенция жасауға қақы бар. Керек болса оны жасаймыз. Естеріңізде болса, былтыр көктемде 1,5 млрд долларға интервенция жасадық. Өткен жылдың сәуір айынан бастап интервенция жасаған жоқпыз. Теңге мен доллардың бағамы нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты», - деп түйді Ұлттық банк төрағасы.