Бюджет тапшылығы екі есе артты: Үкімет Ұлттық қорға қол сала ма, сырттан қарыз ала ма?

Аян Өрібай

Үкімет мүшелері өткен аптада Мәжіліске үш жылға арналған бюджет жобасын таныстырды. Құжатты әзірлеген Ұлттық экономика министрлігі болжамды түрде мұнай баррелінің құнын 60 АҚШ долларына үйлестіре дайындапты. Оптимистік сценариймен сөз сөйлеген вице-министр Азамат Амрин 2026 жылға дейін жалпы ішкі өнім 5,2% дейін өсетінін тұспалдайды. Дегенмен, бұл болжамға экономистер түгілі, Мәжіліс депутаттарының өзі үлкен күмәнмен қарап отыр, деп хабарлайды ulysmedia.kz тілшісі.

Фото: Ашық дереккөзден

ЕКІ ЖЫЛДА БЮДЖЕТ ТАПШЫЛЫҒЫ 1,4 ТРЛН ТЕҢГЕДЕН 3 ТРЛН-ға ЖУЫҚТАДЫ

Бюджет жобасына сәйкес Қазақстан мұнай өндірісін 2026 жылға дейін 107 млн тоннаға дейін арттырғалы отыр-мыс. Осыған келгенде отырыста депутат Альберт Рау «бұған «ОПЕК+ рұқсат бере ме?» деп сұрап қалды. Бұл – вице-министр Азамат Амринге қойылған көп сұрақтың біреуі ғана еді.

Вице-министр бюджет тапшылығының өзі болжамға сәйкес, 2022 жылы 2,9 трлн, ал 2023 жылы 2,6 трлн теңгені құрайтынын мәлім етті. 2019 жылғы республикалық бюджет тапшылығы 1,4 трлн теңге, 2020 жылы 2,4 трлн теңге, ал 2021 жылы 2,7 трлн теңгеге бекітілгенін ескерсек, бұл соманың жалпы ішкі өнімдегі үлесі жыл санап артып бара жатқанын көреміз.

ПРЕЗИДЕНТ: ҰЛТТЫҚ ҚОРҒА ТИІСПЕҢДЕР

Ұлттық қорға қол жайған үкіметтің тірлігі бұл күнде президентті көбірек ойландыратынын аңғаруға болады. Биылғы жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет тапшылығы ұлғайып, Ұлттық қордан алынатын трансферттер көбейіп бара жатқанын сынға алған болатын.

«Үнемі осылай «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүре алмаймыз. Біздегі қаржылық орнықтылықтың қоры соншалықты шексіз емес», - деді президент жолдауында.

ТАПШЫЛЫҚТЫ ЖАБУДЫҢ 2 ЖОЛЫ

Мұндай жағдайда үкімет бұл тапшылықты немен жапқалы отыр? Дәл қазір бюджет шығыстарын ұлғайту қаншалықты орынды?  Бюджет шығыстарын оңтайландыруға бола ма? Үкіметтің қазіргі экономикалық саясатында бюджет шығысы өсуі мүмкін бе, әлде қысқара ма? Бұл сұрақтарды экономистердің ішінде Расул Рысмамбетов пен Айдархан Құсайыновқа қойып көрген едік.

«Қазақстан үкіметі контрциклді саясатты ұстанып, мемлекеттік шығыстар есебінен жалпы ішкі өнімді арттырғысы келеді. Контрциклді саясаттың өзі ЖІӨ көлемін арттыру немесе оны бар күш-жігермен сақтап қалу амалдарынан тұрады. Қазақстанның инвестициялауды азайтқанын, елде тұтыну мен экспорттың төмендеп кеткенін жақсы білеміз. Яғни мұндай жағдайда мемлекеттік шығыстарды арттырсақ, ЖІӨ айтарлықтай азайып кетпейді», - дейді Расул Рысмамбетов.

Экономистің айтуынша, Қазақстанда бюджет тапшылығы мәселесін реттеудің екі ғана жолы бар. Олар – Ұлттық қордан трансферт немесе сырттан қарыз алу.

«Сырттан қарыз алу ісі біршама дайындықты талап етеді. Ал Ұлттық қордан ақша алудың жолы жеңіл. Себебі онда қатаң процедуралар жоқ. Экономикадағы күрделі жағдайға байланысты ол процедуралардан «аттап өте беруге» де болады. Өкінішке қарай, үкімет қосымша ақшаны тағы Ұлттық қордан алатын секілді», - дейді ол.

БЮДЖЕТ ШЫҒЫСТАРЫН 10% ҚЫСҚАРТУ КЕРЕК

Расул Рысмамбетов Қаржы министрлігі құндылығы жоғары қағаздарды шығара бастаса, президенттің бұйрығы бұзылмай, бұл іске құнды қағаздарға салынған инвестиция ретінде қаралуы мүмкін екенін айтады. Бірақ мәселенің төркіні мұнымен өзгермейді, Ұлттық қордың қаражаты шығындала бермек.

«Бюджетті 15% қысқарту мүмкін шығар. Алайда қарапайым азаматтарға зияны тиіп кетпейтіндей 10% оп-оңай оңтайландыруға мүмкіндік бар. Бұл қандай да бір жобаларды тоқтатып тастары анық, бірақ оларды кейін жалғастыруға болады. Бюджеттің қозғалыста ең алдымен, шығыстардың бір бөлігін қайта қарап, басым бағыттарға қайта бағыттауға болады. Өкінішке қарай, үкімет Қазақстан экономикасы алдағы уақытта қалай өсетінін көрсетерлік нақты моделін таныстырған жоқ. Жоспарлардың басым көпшілігі – мемлекеттік бағдарламалар мен серпінді жобаларға байланып тұр. Бұл айтарлықтай капитал шығынын қажет етеді. Жекелеген өңірлерде жалпы экономикадағы проблемалық активтермен жұмыс қарқыны төмен. Мұның арты бұрынғы схема бойынша Ұлттық қорды ары қарай шығындай беруге апарып соғады», - дейді ол.

МҰНАЙҒА ҚАТЫСТЫ БОЛЖАМ ҚАТЕ

Ал экономист Айдархан Құсайынов бюджеттің айтарлықтай тапшылығы туындайтыны хабарланып жатқанын атап өтті. Оның пайымдауынша, бюджет шығыстарын қандай да бір деңгейде қысқартуға бағытталған мүмкіндіктерінің жоқтығы байқалады. Үкімет тағы трансфертке иек артып отыр.

«Үкімет өз жоспарын мұнай баррелін 60 АҚШ долларына сәйкестіндіре жасады. Ал шынтуайтында біз кепілдендірілген және мақсатты трансфертке қарайтын болсақ, бізді мұнай баррелінің 60 АҚШ доллары құтқармайтынын аңғарамыз. Өте қиын жағдай. Бұл ретте үкіметтен гөрі ұлттық банктің сценарий шындыққа жанасады. ҰБ мұнай баррелін 50 АҚШ долларына сай болжам жасаған. Яғни бізде ертеңге сенерлік қордың өзі болмай қалатын түрі бар. Ал бюджетті «орындау» үшін мұнай баррелі бізде 60 АҚШ долларынан асуы керек. Біз тағы жар шетінде келе жатырмыз. Бұл жағдай біздің мұнайға тәуелділіктен құтылуға тырыспағанымызды көрсетеді», - дейді ол.

Экономист үкімет мүшелері таныстырған жоспарда бюджет тапшылығын сыртқы қарыздардың есебінен жабылатыны жазылмағанын атап өтті.

«Тек Ұлттық қордан трансфертке сеніп отырған секілді. Өз басым кейінгі бес жылдың ішінде бюджеттің алғашқы жобасы түпкілікті бюджет жобасына сәйкес келе қалатынын көрген емеспін. Бізде әрдайым қосымша шығындар ұлғайып кетеді. Ұлттық қордан трансферт артады, ақыры. Осы тәжірибелерді ескерсек, бұл үрдіс жалғасады. Бізде бюджеттің шығыс бөлігінің өзі мұнай баррелінің 70 АҚШ долларының өзіне сәйкеспейді. Ал бұдан кейінгі өзгерістердің бәрі Қазақстан түгілі, бүкіл әлемде бюджетті одан ары шығындауға апара жатыр», - деп атап өтті ол.

ҮКІМЕТТІҢ ҚАЗІРГІ САЯСАТЫ ҚҰТҚАРМАЙДЫ

Экономист бюджет шығыстарын қысқарту керектігін мәлім етті. Оның пайымдауынша, бюджеттің үйлесімін мұнайдың 50 АҚШ долларына сәйкестендіру керек.

«Бұл жерде бюджет шығыстарын оңтайландыруға бола ма деп ойлаудың өзі орынсыз. Қысқарту керек деген мәселе бар. Бітті! Ол үшін саяси жігер болуы керек. Бас қатыратын түк жоқ. Біз, қысқасы көрпемізге қарап көсілуіміз керек қой. Үкімет саясатының қазіргі бағыт-бағдары көңіл көншітпейді. Валюталық саясат тұрғысынан теңге рубльге қарағанда әлсірейді дейтіндей ешқандай болжам жоқ. Яғни импорт азаяды деген болжамның өзі негізсіз. Коронавирус кезінде-ақ бізде импорт ұлғайып шыға келді. Объективті түрде импорттық тауарлардың бағасы арзан, ол өсе береді. 2021 жылы инфляцияны 4-6 пайыздық дәлізге қайтарамыз деп жатыр. Бұл әңгімені біз Ұлттық банктен кейінгі үш жылдан бері естіп келе жатырмыз. Ал инфляция аталған дәлізден ары қарай алыстап барады. Ал ұсынылған шаралар инфляцияны дәлізге қайтара алмайды», - дейді ол.

Аян Өрібай, Нұр-Сұлтан