Қазақ тілін менсінбейтін FlyArystan компаниясы

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Қазақстандық әуе компаниялары жиі сынға ұшырайтыны ешкімге де жасырын емес. Әсіресе FlyArystan компаниясына көңілі толмайтындар аз емес. Рейстердің жиі кешігуі тіпті кейбірінің бірнеше күнге шегерілуі бір деңіз. Одан қалды қол жүгіндегі артық салмақ үшін жолаушылардың құтын қашыруы. Ал жақында әуе компаниясы бұның барлығын басып озатын өте келеңсіз жағдайға тап болды. Тап болғанда Fly Arystan компаниясының өзі басты себепкер. Бірақ компанияның ұстанған позициясына қарағанда ол тарап бұл жағдайды мүлде ұятты деп есептемейтін сыңайлы, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ӘҢГІМЕНІҢ ӘЛҚИССАСЫ

Оқиға 27 қазан күні Fly Arystan әуе компаниясының Ақтау-Астана бағытындағы рейсінде болған. 

“Ақтау-Астана бағытында ұшып барамыз. әуе капитаны екі тілде амандасып, сәтті сапар тіледі — орысша және ағылшынша, қазақша ләм-мим демеді. есімі Сергей екен, борт-серікті шақырып, неге қазақшасы жоқ дегенге қазір хабарлайды деді. міне, ұшып барамыз, сол күйі ештеңе демеді. бұл осымен флайда бірнеше мәрте қайталанып отырған дүние” – дейді beimalim парақшасының авторы.

“ЭТО НЕ ВАМ РЕШАТЬ...”

Кейін жазба авторы жолсеріктен капитанның қазақша жауабы қашан берілетінін сұраған. 

“Әлия Әділбекқызы есімді жолсерік “капитан русскоязычный, сондықтан екі тілде ғана айта алады” деп жауап қатты. мен оған сіздер тұтынушылардың құқын бұзып тұрсыздар, бұл үшін екеуіңіз де жұмыстан шеттетілуіңіз мүмкін дегенімде: “это не вам решать” деді, “жақсы, кейін кешірім сұрап жүрмеңіз дегенге”, “өзіңіз кешірім сұрап қалмаңыз” деді.- деп жазады азамат.

FLYARYSTAN НЕ ДЕЙДІ

FlyArystan әуекомпаниясы жазба пікірінде жауап берген. Жауаптың қысқаша мазмұнында компания жолаушыларға қызмет көрсету стандарттары Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық азаматтық авиация тәжірибесіне сай бекітілгенін айтады. Онда ұшақ бортындағы сәлемдесу мен хабарландырулар мемлекеттік (қазақ), орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілетіні жазылған. Егер әуе кемесінің командирі шетел азаматы немесе мемлекеттік тілді еркін меңгермеген болса, қазақ тіліндегі хабарландыруды аға бортсерік жеткізетінін алға тартады.

“FS7376 Ақтау-Астана рейсінде қазақ тіліндегі ақпарат аға бортсерік тарапынан дыбысталған. Жолаушы ұшқыштың жеке өзі қазақ тілінде хабарландыруды айтуын талап еткен, алайда рейс барысында барлық хабарландырулар мемлекеттік тілде аға бортсерік арқылы берілді” – дейді  Лия есімді компания қызметкері. 

“ӨТІРІКТІ ШЫНДАЙ, ШЫНДЫ ҚҰДАЙ ҰРҒАНДАЙ...”

Алайда жазба авторы компания жауабымен мүлде келіспейді. Бортта жалғыз болмағанын, жолсерікпен арадағы әңгімені барлық жолаушыларын естігенін жазады. Жолаушыны айыптап кінәдан жалтарғанша құлықсыз қызметерлерге шара қолдануды сұрайды. 

“Ескертуге дейін де, ескертуден кейін де ешкім қазақша әуе-капитанын аудармады. тіпті Астанаға қонып, қоштасар сәтте де хабарландыру капитан тарапынан екі тілде ғана болды — орысша және ағылшынша” – дейді жазба авторы.

Осы тұста Еңлік есімді желі қолданушысы сол рейсте болғанын айтып әуе компаниясына араша түседі. “Шетел азаматының қазақша сөйлеуін талап еткенше қазақ жігіттерінен ұшқыш шығарыңыз” деп жазба авторының өзін айыптауға тырысады. Кейін желі қолданушылары компанияға ара түскен Еңлік есімді азаматшаның әуе компаниясының қызметкері екенін анықтаған. 

“Тура сол рейстің алдында Кишинев-Стамбул рейсімен келдім, екі бағытта да барлығы әуелі өз тілдерінде, кейін ағылшынша айтылды, бұл әуе-компания қызмет етіп етіп отырған елге деген құрмет. Мен ұшқыштың қазақша айтуын талап еткен жоқпын, шынтуайтында, ол тілін бұрмалап болса да, қағаздан оқыса да, әуелі қазақша амандасып, қазақша қоштасуы керек. “сіз сияқтылардан хейт” болады деген қиялыңызды басқа жерде айтарсыз, Қазақстанда ешкім ол үшін ешқашан хейт естіген емес. аға-бортсерік аударған жоқ. бірақ, бұл жерде кінә онікі емес, капитан өзі мемлекеттік тілде хабарландыру жасай білуі керек, бұл — қазақтілді азаматтардың талап-тілегі” – деп жауап береді жазба авторы.  

Желі қолданушылары FlyArystan компаниясының бұл салғырттығына ашулы. Бірақ компания әлі ресми жауап бермеген.