Украина Ресейдің үш мұнай-газ зауытына соққы жасады

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Украинаның арнайы операция күштері 29 қазанға қараған түні Ресейдің үш ірі мұнай-газ нысанына соққы жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МҰНАЙ ӨҢДЕУ ЗАУЫТТАРЫНА СОҚҚЫ

Әскери штабтың мәліметінше, шабуылға Марий Эл өңіріндегі Табашино ауылында орналасқан мұнай өңдеу зауыты, Ульянов облысындағы Новоспасское ауылындағы мұнай өңдеу зауыты және Ставрополь өлкесіндегі Буденновск қаласындағы газ өңдеу зауыты ұшыраған. Бұл нысандарға Deep Strike бөлімшелері бағытталған.

Украина тарапы нысандарда жарылыстар мен өрт болғанын, шабуылдың салдарын жергілікті тұрғындар да растағанын хабарлады. Арнайы операция күштерінің командованиесі зақым көлемі мен миссия нәтижелері нақтыланып жатқанын мәлімдеді.

ЗАУЫТТАРДЫҢ ҚУАТЫ МЕН МАҢЫЗЫ

Марий Элдегі зауыт жылына 1,6 миллион тонна мұнай өңдейді және 10 түрлі өнім шығарады. Новоспасскідегі зауыттың қуаттылығы — жылына 600 мың тонна. Буденновск қаласындағы газ өңдеу зауыты жылына 2,2 миллиард текше метр газ өңдейді. Бұл кәсіпорын Буденновск жылу электр станциясын, өңірдегі «Лукойл» компаниясының өндірісін газбен қамтамасыз етеді және мұнай-химия саласына шикізат жеткізеді.

Украина Қарулы күштері бұл нысандардың істен шығуы Ресей армиясының әскери әрекет жүргізу мүмкіндігін төмендететінін атап өтті. Арнайы операция күштері Ресейдің Украинаға қарсы қарулы агрессиясын тоқтатуға бағытталған шараларды жалғастыратынын мәлімдеді.

Сол түні Ресейдің бірнеше өңірінде, соның ішінде Мәскеуде, Марий Эл мен Ульянов облысында және Ставрополь өлкесінде дрондармен жасалған ауқымды шабуылдар тіркелді.