Қазақстан мәдениет және спорт министрлігі жыл басынан бері кітап шығаруға 705 млн теңге бөлді. Қыруар қаржы жұмсалып, мемтапсырыспен жарыққа шығып жатқан кітаптарды қандай баспалар дайындады? Ол еңбектердің авторы кім? Ulysmedia тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Ақтоты Райымқұлова басқаратын министрлік жыл сайын миллиардқа жуық қаржы бөлетін саланың бірі – кітап шығару. Бұл ведомство бір автордың бір кітабын шығаруға әртүрлі қаржы жұмсайды. Кейде бір кітапты дайындап, таратуға 3-4 млн теңге бөлсе, кейде одан көп.
МЕМТАПСЫРЫСПЕН ШЫҒЫП ЖАТҚАН ҚАНДАЙ КІТАПТАР?
Мәдениет министрлігінің жыл басынан бері мемсатып алу порталында жасасқан келісімшарттарына қарағанда, ведомство көбіне әдеби кітап шығаруға әуес.
Мысалы, биыл мәдениет министрлігінің тапсырысымен ақын Жамбыл Жабаевтың 10 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Оның әр томына 5,7 млн теңге бөлінді.
Министрліктің қолдауымен бірнеше кітабы шыққан қаламгердің бірі – ақын, лингвист Олжас Сүлейменов. Оның алты кітабына Райымқұлова басқаратын ведомство 21,7 млн теңге бөлді. Бір қызығы, минстрлік Сүлейменовтың кітаптарын шығаруға арналған мемтапсырысты қаламгердің қызының баспасына берген. Демек, Марина Олжасқызы министрліктен миллиондаған қаржы алып, әкесінің кітаптарын басып шығармақ.
Өз еңбегін өзі шығаруға тапсырыс алған қаламгердің бірі – жазушы Бибігүл Иманғазина. Министрлік оның «Тауқымет» деп аталатын бір кітабына 11,7 млн теңге бөліп отыр. Тапсырысты орындаушы, яғни, кітапты дайындаушы – Иманғазинаның «БИБИ-АНА» деп аталатын қайырымдылық қоры.
Министрлік кітабын шығаруға қаржы бөлген қаламгерлердің арасында Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, оның орынбасары Ақберен Елгезек, одақтың астанадағы филиалын басқаратын Дәулеткерей Кәпұлы да бар.
Бұдан бөлек, министрлік Оразақын Асқар, Әнес Сарай, Таласбек Әсемқұлов, Досхан Жылқыбаев,Сейфолла Оспан, Ерлан Садықов, Медеу Сәрсеке, Жүсіпбек Қорғасбек, Әлдихан Қалдыбаев, Асқаржан Сәрсеков, Гүлзат Шойбекова, Зария Жұманова, Төкен Әлжантегі, Арасанбай Естенов, Дихан Қамзабекұлы, Нұрлан Дулатбеков, Көмек Ыбыраев, Әлібек Файзуллаев, Құлтөлеу Мұқаш, Салтанат Кеңесбекова, Әуелхан Құлманат, Қалқаман Сарин, Бауыржан Қарағызұлы, Ерлан Жүніс, Бейбіт Сарыбай, Оразбай Мұсаев, Сабыр Мұрат, Бақытжан Әзірбаев, Нұрдәулет Ақыш, Адырбек Сопыбеков және т.б қаламгерлердің шығармаларын «қоғамдық маңызы бар әдебиет» санатына қосып, кітап ретінде шығаруға тапсырыс берген.
Мәдениет минстрлігінің қолдауына ие болғандар арасында шенеуніктер де бар. Солардың бірі – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Ол жайлы Махмұт Қасымбеков құрасытырған бес кітапқа («Созидая независимый Казахстан: исторические выступления Нурсултана Назарбаева», «Избранные речи 2014-2016 годы. 8-том», «Избранные речи 2017-2021 годы. 9-том», «ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Қызмет хроникасы. 2020 жыл» және осы соңғы кітаптың орысша нұсқасына) 40 млн теңге бөлінді.
Ал мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахмановтың «Елдік ерлігі» деп аталатын бес томдығын шығару үшін мәдениет министрлігі 44,6 млн теңге жұмсаған.
Бұдан бөлек, бұрын әкім, министр қызметтерін атқарған, қазір ҚазҰУ ректоры болып отырған Жансейіт Түймебаевтың «Тәуелсіз Қазақстан: бейбітшіліктің, келісімнің және жасампаздықтың 30 жылы» атты кітабына 26,9 млн бөлінді.
ТЕНДЕРДІ ҚАЙ БАСПАЛАР ҰТТЫ?
Министрлік жыл басынан бері кітап шығару бойынша 40 тендер өткізген. Оның 11-інде ғана жеңімпазды ашық конкурс арқылы анықтаған. Ал қалған 29 тендерде тапсырыс беруші жеңімпазды анықтарда сарапшылар жиі сынайтын «тікелей бір көзден сатып алу» тәсіліне жүгінген.
Райымқұлова басқаратын ведомство кітапқа байланысты мемтапсырысты түрлі баспаларға берген. Бірақ биыл мәдениет министрлігінен жиі мемтапсырыс алған екі баспа бар. Оның бірі – астанадағы «Фолиант», екіншісі – Алматыдағы «Дәуір» баспасы.
«Фолиант» баспасы жыл басынан бері мәдениет министрлігімен төрт келісімшарт жасасқан. Оның үшеуінде тендерді ашық конкурссыз алған. Бұл баспаның құрылтайшылары – Нұрлан Исабеков пен Фарида Исабекова.
Ал «Дәуір» баспасы жыл басынан бері мәдениет министрлігімен алты келісімшарт жасасқан. Бірақ бұл баспа алты тендерідің бесеуін ашық конкурс арқылы жеңіп алған.
«Дәуір» – елдегі ең ірі баспалардың бірі. Бір жылдың салығының өзі 300-400 млн теңге аралығында. Бұл баспаның директоры – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың келіні Светлана Назарбаева. Ал құрылтайшылары – Светлана Назарбаеваның өзі және ұлы Қайрат Сатыбалды.