Солтүстіктің су тасқынына қарсы дайындығы сыр берді немесе Қызылжарға қауіп қайдан?

Ulysmedia

Ulysmedia.kz. журналистері Төтенше жағдай жарияланған өңірлерді аралап жүр. Олар осыдан аз уақыт бұрын Атырау облысының Құлсары қаласына барған. Репортажда су басқан қаланың келбеті, жанталасқан халық, күн-түн демей еңбек етіп жатқан құтқарушылар жұмысы, эвакуациялық орындардағы жағдай туралы барынша объективті ақпарат таратты. Ендігі беталыс –  Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы Покровка ауылы.

Ulysmedia

Су тасқыны басталғанда ең алғашқы болып эвакуацияланған ауыл – осы Покровка. 200-дей тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген. Сергеевка су қоймасындағы жағдайды білмекке сол жерге аяқтай баруға тура келді.

Покровка көпірі қазір жабық тұр. Қауіпті учаске болғандықтан, ұнда арнайы күзет қойылған. Ешкімді әрі қарай жібермейді. Біз Есіл ауданының әкімі Мереке Мұхамедияровты сөзге тарттық.

Мереке Мұхамедияров, Есіл ауданы әкімі:

- Қазір Есіл өзені ауылымыздағы жолды басып қалды. Жолдың шамамен 20 сантиметрдей жерін су басқан. Есіл өзені бойында біздің ауданымызға қарасты 18 елдімекен бар. Соның 5-еуіне су кірді. Жарқайың ауылына келген судың биіктігі 1,5 м. Ауыл дөңде орналасқандықтан, ауыл ішіне су кірген жоқ. Айнала қоршап жатыр. Яғни, Жарқайың ауылы изоляцияда қалды. Жергілікті ақсақалдардың айтуынша, осындай алапат тасқын 1941 жылы болған екен. Ауылда 46 тұрғын бар, 19 отбасы. Соларды 7 сәуірде қауіпсіз жерге, көрші ауылға көшірдік. Біз кешке көшірдік. Ал түнде ауыл маңайын су қоршап алды.

Ал мына Покровка ауылына келсек, бүгін кеште елдімекенге тасқын су келді. Болжамымыз бойынша, ертең судың ағысы бәсеңдейді. Осы жол облыс орталығы Қызылжарға (Петропавлға) апарады. Бізден әрі қарай үш аудан бар. Мына келіп жатқан су асфальтты басып қалды. Шамамен 1,5 шақырымдай жер. Біз ақылдаса келе су әрі қарай ағып кетуі үшін жолды әдейі бұздық. Қатты ағыспен келген суды әрі қарай өткізіп жібермесе, ол бірнеше жерден аяфальтты шайып кетеді. Біз осы арқылы жол төсемін сақтап қаламыз. Қазір біз тұрған трасса жабық. Екі тұстан пост қойылған. Ал бірақ анау Сергеевка, Тимиряз, Ғабит Мүсірепов аудандарына баратын айналма жол бар. Ол жол қауіпсіз. Сол жол арқылы қатынас жасаудамыз.

- Мына су сонда 1-2 күнде қалаға бара ма?

- Иә, 1-2 күнде Қызылжарға жетеді.

- Қызылжар дейсіз бе (ресми атауы Петропавл)?

- Біз өзіміз әдейі Қызылжар деп тарихи атауын қолданамыз. Иә, ресми Петропавл ғой. Тұрғындардың құлағы үйрене берсін деп қазақша атын айтамыз (күліп).
 

Еріктілер көмекке келді

Жағдайды көріп, жаны ашыған еріктілер Покровка ауылына келген. Нұрсұлтан есімді азаматпен аз-кем тілдесіп, қандай көмек көрсетіп жатқанын сұрадық.

Нұрсұлтан Биркеленов, «Асаруме» қорының атқарушы директоры:

- Төтенше жағдай жарияланған Ақтөбе, Қостанай, БҚО, Атырау облыстарында штабтарымыз бар. Осыған дейін сол жақтарға көмек қолын создық. Құлсары қаласында (Атырау облысы), Оралда болдық. Осы жақта да ТЖ жарияланғаннан кейін гуманитарлық көмегімізді алып, келіп жатырмыз. Қайықтарымызды, моторлы қайықтарымызды тапсырдық. Тамақ, киім-кешек, гигиеналық заттар, төсек-орын, т.б. жеткіздік. Ауылдағы екі көшені су басқан. Тұрғындары ұйымшыл екен. Мұнда полиция, құтқарушылар, колледж студенттері, сондай-ақ қаладағы әскери бөлімнен 50 сарбаз жұмылып, іс қылып жатыр.

- Көмек қолын созам дегендер нені ескеруі керек, бұл жерде қандай затқа мұқтаж халық?

- Сборлар көп. Блогерлер ашып жатыр. Әркім қолынан келгенше көмегін беруде. Ақшалай болса да, тамақ болса да бәрі қазір аса қажет. Киім-кешек шама келсе жаңа болса. Жаңа асханада болдық. Мұнда күніне 400 адамды тамақтандырады. Сондықтан тамақ керек. Мүмкіндігінше қайық көбірек керек.

- Бір қайық 960 мың дейді…

- Моторлы бір қайықты 600 мыңнан алып жатырмыз. Ескекті екі адамдық қайықтар 100 мың теңге шамасында. Ал эвакуация кезінде 4-5 адамдық қайықтар болғаны дұрыс. Ал ондай қайықтар 25-270 мың теңге шамасында тұрады.
 

Сергеевка су қоймасы

Су қоймасында әдетте 693 мың текше метр су болатын, қазір оның көлемі 1 млрд.240 млн.текше метрге жеткен. Есілді жағалай қонған елдімекендерге қауіп төніп тұрғандықтан, тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. Су қоймасының жай-күйін бақылап отыратын 35 жұмысшы бар. Төтенше жағдай жарияланғаннан кейін жұмыс күшін арттыру, қосымша техника тартуға қажеттілік жоқ дейді су қоймасының басшысы.

Бақытжан Амантаев, Сергеевка су қоймасының басшысы:

Қазір су қоймасының жағдайы тұрақты, штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Қазір су деңгейі 4 метр 25 см-ге көтерілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 метр 25 см-ге артық. Ең көбі 2017 жылы болған, ол кезде 3 метр 38 см-ге көтерілген. Кеше су деңгейі 15 см-ге түсті.

- Су деңгейі бұдан жоғары бола ма? Қалай ойлайсыз?

- Ондай болжам айта алмаймын. Меніңше, 4,25 – бұл ең жоғары деңгейі шығар.
 

Ulysmedia.kz Покровка ауылынан шығып, Шал ақын ауданы, Сергеевка қаласына барды. Қала атымен аттас су қоймасындағы ахуал бірқалыпты. Жоғарыдан келген су төменге кедергісіз ағып жатыр. «Теріскей бізге аманат» деп, оңтүстіктің қазағын солтүстікке қоныстандырып жүрген «Тәуекел» ұйымының төрағасы, қоғам белсендісі Б.Дақанов осы Шал ақын ауданында тұрады.

Бурахан Дақанов, қоғам белсендісі:

Сергеевка қаласы мына су деңгейінен биікте орналасқан. Сондықтан бізде, құдайға шүкір, қауіп жоқ. Өздеріңіз жолшыбай көріп келдіңіздер, Сергеевка қаласынан төмен орналасқан Покровка, Николаевка, т.б. ауылдарды су басып жатыр. Бұл ауылдарға біз біраз отбасыны көшірген едік бұрын. Сондықтан олардың тағдырына біз де жауаптымыз. Ары қарай «Бірлік» ауылы. Онда Қытайдан келген қандастарымыз, ал Николаевка ауылында Ираннан келген қандастарымыз тұрады.

Біз Покровка ауылына қайта оралдық. Мұнда Строительная, 49 мекенжайында Жәлел Қизатов атындағы жоғары ауылшаруашылығы колледжі бар. Ауыл тұрғындарын уақытша осында орналастырған. Мұндағы студенттер жатақханасынан арнайы орын берілген. Бұл жерде оларға 3 мезгіл ас-суын береді. Алайда олар ешқандай гуманитарлық көмек алмаған. Тек әкімдік тарапынан көмек көрсетілген.

Дүйсенбай Байгенжинов, ауыл тұрғыны: 

- Эвакуациялау кезінде тұрмыстық техникамыздың қолымызға іліккенін қауіпсіз жерге шығарып үлгердік. Малды қауіпсіз жерге айдадық. Тек үй құстары ғана қалып кетті.

Бибігүл Ермекбай, Покровка ауылдық округының әкімі:

- Біз өтемақы берілетіні туралы естідік. Бірақ оның қандай көлемде болатынын, оны алу үшін не істеу керектігін дәл қазір айта алмаймыз. Бізге төлем жасау инструкциясы келсе, жұмысты бастаймыз.

- Гуманитарлық көмек келді ме?

- Астанадан 4 жігіт келіп, қандай көмек керектігін сұраған. Мен анда-мында жүгіріп жүріп, оларды таппай қалдым. Бізге қазір осындағы «Достық» шаруа қожалығы көмектесіп жатыр. Тұрғындардың малы сол шаруа қожалығының қорасында, яғни жем-шөппен тегін қамтамасыз етіп отыр.

- Ал балаларға памперс керек болса ше?

- Осындағы кәсіпкерлер көмектеседі керек болса. Бірақ ешкім памперс сұрап әлі келген жоқ. Дәрігеріміз бар. Медикаменттермен көмектеседі егер қажет болса.

Ал осындағы колледж студенттерінің кейбірімен тілдескенімізде, олар мемлекет зардап шеккен тұрғындардың бәріне көмектесе алмайды, себебі су басқан елдімекендер көп, ал бюджет оған жетпейді деп есептейтінін айтты.

Ренат Ливтченко, студент:

- Мен «Аспаз» мамандығында оқимын. Атырау, БҚО-дағы жағдайды әлеуметтік желілер арқылы, Тик-Ток арқылы көріп-біліп отырмыз. Көптеген аймақты су алып жатыр. Мұның бәрін өтеп беруге мемлекет қаржысы жетпейтін сияқты.
 
Қызылжар ауданы Боголюбово ауылы

Кеше түнде Боголюбово ауылына су кірген. 30-дай үйді су алған. Тұрғындар саны шамамен 2 мыңдай. Халық қауіпсіз жерге көшірілген. Су тасқыны ауыл үшін алғашқы жағдай емес, 2017 жылы да тасыған су ауылға кірген. 2020 жылы бөгет салынған. Алайда биылғы судың көлемі көп, салынған бөгеттен асып, ауылға жайылған. Ауылға көмекке Түркістан облысы Төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері келген. Тұрғындар даурықпай, аспай-саспай, бір-біріне жәрдем қылып, әлі де көшіп жатыр.

Түркістандық төтеншелік қызметкердің айтуынша, облыстан 55 қызметкер келген. 14-і осы ауылда, қалғаны 14-15-тен әр аудан-ауылда көмектесіп жүр. Олар су қайтқанша осында боламыз деп отыр.

Ал ауыл тұрғындарының мұндай жағдайдағы көңіл-күйі, әрине, түсінікті. Десек те, ашу қысып тұрғандары сирек. Көбісінің айтатыны: мемлекет бізді далада қалдырмайды. Бір амалын қарастырады. Әрине, қорқынышты жағдай. Бірақ не амал бар? Өзімізге өзіміз басу айтамыз.

Волонтерлер мұнда да күні-түні еңбек етіп жатыр. Қазір 40 ерікті жүр, ертең олардың ұзын-саны 100-ге жетеді. Олар қапқа құм толтырып, ел іргесін бекітуде.

Пы-Сы: біз ауылды аралап, тұрғындармен тілдесіп тұрғанда, үстімізден үкіметтік тікұшақ ұшып өтті. Иә, аймақтағы ахуалды әуеден барлау алдағы жұмыс алгоритмі үшін қажет. Бірақ біздің жігіттерге бір сәт төменге түсіп, халықтың жағдайын тек әуеден емес, жерден көру де керек қой.

Осы аймақта әзірлеген репортажды көріп, ой қосып, бөлісе отырыңыздар.