Әлемнің қанша мемлекетінде Қазақстанның елшілігі бар? Қай елдерде елшіліктер үшін арнайы ғимарат салынған? Қай елшіліктер немесе консулдықтар шет елдерде кеңсе жалдап отыр? Осы ғимараттарды жалдауға немесе ұстауға мемлекет бюджетінен жыл сайын қанша қаражат бөлінеді? Осы және өзге де сұрақтарды Ulysmedia.kz порталы Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге жолдаған еді.
12 ЕЛДЕ ЕЛШІЛІК ҒИМАРАТ БАР
Редакцияға келген ресми жауапқа сәйкес, әлемнің 70 елінде Қазақстанның 104 шетелдік мекемесі, соның ішінде 66 елшілік, 5 тұрақты өкілдік, 2 дипломатиялық миссия, 18 бас консулдық, 11 консулдық, 1 елшілік бөлімшесі (Бонн қ.) және 1 ҚР СІМ паспорттықвизалық қызметі (Үрімші қаласында) қызмет етеді. Бүгінгі таңда Қазақстан 63 елде кеңселік үй-жайларды жалға алады екен. Ал Түркия Республикасы, Литва Республикасы, Қырғыз Республикасы, Швейцария Конфедерациясы, Сауд Арабиясы Корольдігі, Италия Республикасы, Біріккен Араб Әмірліктері, Германия Федеративтік Республикасы, Украина, Әзербайжан Республикасы, Беларусь Республикасы, Өзбекстан Республикасы сияқты елдерде елшіліктердің арнайы ғимараттары салынған. Олар мемлекеттің меншігінде тұр.
ШЕТЕЛДІК ШТАТТАР ҚЫСҚАРАДЫ
Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, шетелдік мекемелерде штат саны 887 бірлікті құрайды. Алайда президенттің мемлекеттік органдардың штат санын қысқарту жөніндегі тапсырмасы шеңберінде бүгін де шетелдік мекемелердегі қызметкерлердің саны 793 дейін қысқартылған. Бұл бағыт бойынша жұмыс жалғасатыны қосымша хабарланды.
«Таратылуы шектелген қызметтік ақпарат болғандықтан, әрбір шетелдік мекеме қызметкерінің нақты санын көрсетуге мүмкіншілік жоқ», - делінген жауапта.
Жалпы «Дипломатиялық қызмет туралы» заңға сәйкес Қазақстанның басқа елдердегі елшілері, Қазақстанның халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдері үшін бес жылдан аспайтын жұмыс мерзімі белгіленген. Алайда олардың үздіксіз жұмыс мерзімін қызметтік қажеттілік болған жағдайда президент ұзартуы мүмкін.
ШЕТЕЛДІК ШЫҒЫН МЕН ҚЫЗМЕТТІК АҚПАРАТ
Басқа елдердегі ғимараттарды жалдауға немесе ұстауға мемлекет бюджетінен 2020 және 2021 жылы қанша қаражат бөлінгенін сұрағанбыз. Әр елшілік пен консулдық бойынша ақпаратты жеке сұратқанымызбен, министрлік бұл ақпаратты беру мүмкін емес екенін хабарлады.
«Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің таратылуы шектелген қызметтік ақпарат тізбесін бекіту туралы» Сыртқы істер министрінің 2016 жылғы 04 мамырдағы № 11-12/167 бұйрығына сәйкес, ҚР СІМ бюджеттік бағдарламалары тек қызметтік пайдалану үшін ғана қолданылады. Баяндалғанды ескере отырып, ҚР шет елдердегі мекемелерінің офистік үй-жайларын жалға алу шығыстары бойынша ақпарат беру мүмкін емес», - дейді министрліктен.
Осылайша министрлік бұрын Сыртқы істер министрлігін басқарған Қайрат Әбдірахмановтың тұсында қабылданған заңға сілтеме жасады.
ЕЛШІЛЕР ЖАЙЛЫ
СІМ-нен сонымен қатар қай елде қанша елші жұмыс істеп жатқанын, кім, қашан тағайындалғаны сұралған. Кестемен келген жауапта елшілердің ішінде (сондай-ақ тұрақты өкілдер мен уақытша сенімді өкілдердің) ең ұзақ қызмет етіп келе жатқаны Түркиядағы Абзал Сапарбекұлы (2017 жылғы сәуірден бастап) менТаиланд тағы Раушан Есболатова (2017 жылғы шілдеден бастап) болып шықты.
Ал жақында ғана тағайындалған елшілердің қатарында АҚШ-қа кеткен Ержан Ашықбаев (2021 жылғы сәуірден бастап), Қырғыз Республикасындағы Рәпіл Жошыбаев (2021 жылғы сәуірден бастап), Үндістандағы Нұрлан Жалғасбаев (2021 жылғы сәуірден бастап), Жапониядағы Сабыр Есімбеков (2021 жылғы мамырдан бастап) пен Молдовадағы Рүстем Жаманқұлов (2021 жылғы тамыздан бастап) бар.