Абзал Құспан: «Енді тәуелсізбіз» дегендерді дереу қамау керек еді – біздікілер шабан қимылдап отыр

Аян Өрібай

Петропавлда Қазақстанды «корпорация» деп атап, елдің құқықтық негіздерін жоққа шығарған бір топ адамның әрекеті әлі қызу талқыланып жатыр. Бірі бұл – нақты сепаратизмнің белгісі десе, екіншісі бұл оқиғаға биліктің сайлау жырын ұмыттырудағы амалы деп қарайды.

Айдың-күннің аманында «Қазақстаннан бөлінеміз» дегендердің үстінен іс қозғалды. Теріскейден шу шыққанда Бас прокуратураға бір топ депутат хат жазған. Ulysmedia.kz тілшісі сол депутаттың бірі Абзал Құспанды әңгімеге тартып көрді.

Коллаж: ulysmedia.kz.

– Петропавлдан тараған видео бойынша Бас прокуратураға хат жолдадыңыздар. Қазірге дейін сізге осы іс бойынша не белгілі?

– Бұл мәселе депутаттар болып әлі талқыланады. Қазір үкімет мүшелерін тағайындау, бізбен кандидатурасын келісу жүріп жатыр. Осы аптада тағы бір жиналып, Бас прокуратураның өкілін Парламентке шақыру туралы мәселені шешетін боламыз. Сол кезде нақты қандай іс-әрекеттерге көшетініміз белгілі болады.

– Сіз видеоны зерттедіңіз бе? Сөйлеген адамдарды тыңдаған кезде олардың сөздерінде Қылмыстық кодекстің нақты қандай баптары бойынша қылмыстық құрам бар деп есептейсіз?

– Бас прокуратура Қылмыстық кодекстің 180-бабының 2-бөлігімен (БАҚ пайдалана отырып адамдар тобымен сепаратизмді насихаттау) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Біз бірден хатымызда осы бапты көрсетіп жазған болатынбыз. Өйткені оны түсіну үшін ешқандай арнайы сараптаманы күтудің қажеті жоқ. Өйткені нақты жік салып отырғаны, сөйлеген сөздері дәл сепаратизмге тартатыны нақты көрініп тұр. Бұл жерде ешқандай бір жасырын сөздер, түсінбейтін астарлы сөздер жоқ. Нақты «Қазақстан Республикасын біз мойындамаймыз» деп отыр.

Әрине, зерттедік. Мұның барлық түпкі себебін де қарап отырмын. Менің өзімнің пікірім бұл – Ресейдің коммунистік партиясының іс-әрекеті. Оның жанынан құрылған мұндай топтар дәл Ресейдің өзінде де бар. Қазақстанмен қатар Ресейдің өзіне үлкен проблема туғызып отырған ұйымдар. Ал біздің жағдайда бұл – сепаратистік әрекетке жатады. Қазақстанның унитарлы мемлекет ретінде біртұтастығын жоюға бағытталған іс-әрекеттерге жатады.

– Егер сіз атаған осы баптар бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылса, оларды қандай жаза күтіп тұр?

– Қылмыстық кодекстің 180-бабының 2-бөлігі бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін жаза қарастырылған. Яғни бұл ауыр қылмыстар қатарына жатады. Бұл сөзсіз қамауға алынатын, бас бостандығынан айыру бойынша қабылданатын шешім.

– Жер-жерде құрылған «халық кеңесі» жөнінде зерттеп көрдіңіз бе?

 Бұл – әу баста Ресейдің өзінде белең алған құбылыс. Бұған дейін де көріп біліп жүрміз. Негізінде бұл жерде үлкен сұрақ – Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қойылуы керек. Құзырлы органдар неге осы уақытқа дейін аталған мәселенің алдын алмаған? Неге анықтамаған? Кәдімгідей әлеуметтік желіде бұрыннан бар, белгілі ұйымдар.

– Украиналықтардың кейбірі Донбас пен Луганскта да әу баста жағдай осылай басталған дегенді айтады. Белең алған осындай жайттар қаншалықты қауіпті деп ойлайсыз?

– Донбас пен Луганскідегі жағдайды әрине, қаперге алуымыз керек. Бірақ бұл жағдай болмаған күннің өзінде де жалпы Қазақстанның тұтастығы мен тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін кез келген іс-әрекеттерге уақтылы тойтарыс беруіміз қажет. Бұл жерде тіпті жан-жақты, ананы, мынаны ойлап, басқа біреулердің практикасына қарап отыратын жағдай емес. Бағбан өз бақшасындағы арамшөпті жұлам ба, жоқ па деп басын қатырып отырмайды. Бұл да сондай бір техникалық жұмысқа айналуы керек.

Бұның астарында не болуы мүмкін? Бұдан бізге келіп кететін зиян бар ма? Басқа бір мемлекеттің көңіліне келе ме деген нәрселердің бәрін ысырып қоюымыз керек. Заңда көзделген қылмыстық жауапкершілік бар. Ешбір ел, ешбір мемлекет оған ренішін білдіре алмайды. Орыстың «за язык не тянули» деген сөзі бар. Ешкім олардың тілінен тартып, осыны айтқызып, мәжбүрлеп жатқан жоқ.

– Петропавлдағы осы жағдайды енді біреулер биліктің сайлаудан назарды басқа жаққа аудару амалы деп те атайды. Әртүрлі пікір бар. Бұл жөнінде сіздің пікіріңіз қандай? Солай болған күннің өзінде бұл ойнатуға болатындай қауіпті карта деп есептемейсіз бе?

– Жоқ, мен олай ойламаймын. Бұл – сайлаудан назар аудару емес. Нақты бұған дейін де Батыс Қазақстанның Ақсай деген жерінде үш адамның барын білемін. Бұл бір. Бұлар бұл – бастауын сонау Ресейден алады. Ресейдің өзінде проблемаға айналып отыр. Олар «соттарды мойындамаймыз, заңдарды мойындамаймыз» дейді. Олар Ресей мемлекеті заңсыз құрылған деп есептейді. Міне, бұл – соның Қазақстанға жеткен немесе Қазақстанда қалған сарқыншағы.

Өз тарапымнан айтарым – құқық қорғау органдары кішкене шабандау қимылдап отыр деп есептеймін. Біздің Батыс Қазақстан – Ресейдің бес облысының ортасында тұрған ерекше аймақ. Қазақстанның екі-ақ облысымен шектесетін болсақ, Ресейдің бес облысымен шектесеміз. Атырау және Ақтөбе облысымен аралық 500 шақырым болса, Ресейдің облыстары 200 шақырым жерде. Сонда біздің қаншалықты қауіпті аймақта орналасқанымызды ойлай беріңіздер.

Былтыр Максим Яковченко дегенді біздің оралдық белсенді азаматтар анықтап, сепаратистік баппен қылмыстық іс қозғатқан болатын. Біздікілер (құқық қорғау органдары) «сараптама тағайындаймыз, анау-мынау» деп созып жүрген кезде ол Ресейге шығып кетті де, сол жақтан саяси баспана алып алды. Бұлар да жеме-жемге келген кезде осындай әрекетке баруы мүмкін.

Ресейге солай барғандар осы жақтан жәбір көрген, жапа шеккен адамның кейпіне енеді. Оған жібермей, бұлардың бәрін дереу қамау керек еді. Ол менің жеке пікірім. Алдағы уақытта Бас прокуратураның өкілдерімен болсын, басқа құқық қорғау органдарының қызметкерлері болсын бұл тақырыпта сөйлесетін болсақ, мен осы позицияны ұстанатын болам.

Менің пікірім – бұл жерде еш сараптамасыз-ақ сепаратистік пиғылдары көрініп, білініп тұр. Сол себепті дереу шара қолдануымыз керек.