Нұр-Сұлтанда 32 шетел азаматы құқық бұзушылықтары үшін елден мәжбүрлеп шығарылды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Елордалық көші-қон қызметінің қызметкерлері шетелдік азаматтардың Қазақстан Республикасынан кетуден жалтару фактісін анықтады, дейді қалалық полиция департаменті.
Тәжікстан Республикасының 27 жастағы азаматы 2020 жылғы сәуір айынан бері Қазақстанда заңсыз жүрген және еңбек етіп күн көрген. Сол күні заңсыз мигрантқа қатысты Қазақстан Республикасының аумағында болу ережесін бұзғаны үшін сот мәжбүрлеу жолымен елден әкімшілік шығару туралы қаулы шығарды. Шығару туралы сот шешімін орындамау қылмыстық жазаланатын әрекет болып саналады әрі қылмыстық заңнама бойынша жауапкершілікке әкеп соғады.
Сондай-ақ жедел-алдын алу іс-шарасы барысында ҚР мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткен фактілер анықталды. Өзбекстанның 33 жастағы азаматына қатысты ҚР ҚК-нің 392-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ер адамның 2009 жылы мемлекеттік шекарадан заңсыз өтіп, Қазақстанда жөндеу жұмыстарымен айналысқаны белгілі болды.
Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті елорда аумағында заңсыз көші-қон арналарын анықтау мен жолын кесу мақсатында биылғы жылдың 11-18 қазан аралығында «Нелегал-Кордон» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізіп жатыр.
Жедел-алдын алу іс-шарасы басталғаннан бері елордалық полиция қызметкерлері тарапынан шетел азаматтарының ел аумағында болу ережелерін бұзуына қатысты 836 факті анықталып, іздеуде жүрген екі Қазақстан Республикасының азаматы ұсталды. Шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзғаны үшін 24 азамат әкімшілік жауапқа тартылды.