Бүгін Ораз Жандосов пен Эльмира Суханбердиеваның туған күні

Ulysmedia

Бүгін, 26 қазан күні экономист Ораз Жандосов 60 жасқа толды. Ал білім және ғылым экс-вице-министрі Эльмира Суханбердиева 50 жасқа келді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

фото: Ашық дереккөзден

Ораз Жандосов

«Ракурс» экономикалық сараптау орталығының директоры, экономист Ораз Әлиұлы Жандосов 1961 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1986 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің экономика факультетін, аспирантурасын бітірген.

1987 жылғы ақпаннан 2008 жылғы қазанға дейін ҚазКСР АН экономика институтының кіші ғылыми қызметкері, президент жанындағы жоғарғы экономикалық кеңестің консультанты, аталған кеңестің экономикалық консультанттар кеңесі басшысының орынбасары, экономика министрінің бірінші орынбасары, шетелдік инвестициялар бойынша ұлттық агенттік төрағасы, ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары, ұлттық банк төрағасы, премьер-министрдің бірінші орынбасары, инвестиция бойынша мемлекеттік комиссия төрағасы, премьер-министр орынбасары – қаржы министрі, «KEGOC» ААҚ президенті, премьер-министр орынбасары, қаржыгерлер ассоциациясы кеңесінің төрағасы, президенттің экономикалық және қаржылық мәселелер бойынша көмекшісі, табиғи монополияларды және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттік төрағасы секілді қызметтер атқарды. 2008 жылдан бастап «Ракурс» экономикалық сараптау орталығының директоры. «Құрмет» орденімен марапатталған (2003).

Эльмира Суханбердиева

Ол 1971 жылы Атырау облысында дүниеге келді. 1995 жылы «Тарих және құқық» мамандығы бойынша Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін тәмамдады, 2006 жылы «Құқықтану бакалавры» мамандығы бойынша халықаралық еңбек академиясын бітірді, 2009 жылы Халықаралық МВА бизнес академиясында «Іскерлік әкімшілеу магистрі» мамандығын алды, 2017 жылы декреттік демалыс кезінде «Болашақ» бағдарламасы стипендиясын иеленіп, АҚШ-тың Калифорния штатының Беркли университетіне тағылымдамаға барып қайтты. Психология ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын мұғалім мен тәрбиеші болып бастаған ол кейін лауазымды қызметтер атқарған. 2013-2016 жылдары елордадағы білім басқармасын басқарып, 2016 жылғы сәуірде білім және ғылым министрінің орынбасары болып тағайындалған. 2017 жылғы тамызға дейін жұмыс істеді. 2018 жылғы 17 қыркүйекте декреттік демалыстан шығып, вице-министр қызметіне қайта кірісті. «Ерен еңбегі үшін» (2012), «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» медальдерімен марапатталған. «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2011) атағы бар.  

2019 жылғы маусымда білім және ғылым вице-министрі қамауға алынды. Ол лауазымдық өкілеттіліктерін теріс пайдаланды, пара алды, кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысты деген күдікке ілінген. Шілдеде Нұр-Сұлтан қаласының Есіл аудандық соты үкім шығарды. Суханбердиеваға айыппұл салынып, ол сот залында босатылған. Оған 2500 АЕК көлемінде айыппұл тағайындау шешімі шықты. Жалпы, ол 5 948 900 теңге төлеуге міндеттелген. Сонымен қатар өмір бойы мемлекеттік қызметте, сотта, ұлттық банкте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және мемлекет үлесі 50% асатын өзге де мемлекеттік ұйымдарда - ұлттық холдингтер, ұлттық даму институттарында жұмыс істеу құқығынан айырылды.