Дәкебаевты ел алдында қатаң жазалау керек – Депутаттар жедел-жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан бұзақы жайлы

Ulysmedia

​Депутаттар Қарағандыда жедел-жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан бұзақыны ашық сотта жазалауды талап етті, деп хабарлайды ulysmedia.kz

коллаж ulysmedia.kz

Осы орайда, Елнұр Бейсембаев Үкіметке сауал жолдады.

«Құқықбұзушы Нұрболат Дәкебаевтың бұл әрекеті – жәй ғана қылмыс емес, бүкіл қоғамға, заң мен тәртіпке ашық қарсылық, не істей аласың деген дөңайбат.

Өзін бейнетаспаға түсіріп жатқанын біліп тұрса да, ешқандай айылын жимай жұдырық сілтеп, қызметтегі адамды қанға бөктіруі – әбден шектен шыққандық, нағыз қаныпезерлік.

​1 жасар сәбиге көмекке келген медицина қызметкерлерін, ашықтан-ашық, куәгерлердің көзінше ұрып-соғу не деген сұмдық?» - дейді депутат Елнұр Бейсембаев.

Айта кетейік, бір аптаға жуық уақыт өтсе де бұзақы әлі ұсталған жоқ. Депутаттар уәкілетті органдарға келесі шараларды қолға алуды ұсынды.

​«1. Құқық қорғау органдары қылмыс жасаған Дәкебаевты тезарада табуы тиіс.

​2. Нұрболат Дәкебаевтың сотын ашық жүргізіп, қатаң жаза тағайындау және оның барысы мен қорытындысы туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты түгел хабардар ету.

​3. Соңғы уақыттары адамның жеке басына қауіп төндіретін, тіпті оның өмірін қиятын қылмыстар қоғамдық сипат алуда. Сондықтан, тезарада кез келген қылмыстарға қоғамды мүлдем төзбеушілік мәдениетін жаппай қалыптастыруымыз қажет», - делінген сауалда.

Оқи отырыңыз: «Мұрным, қабырғам сынған, көзім көрмейді»: Қарағандыда соққыға жығылған жедел жәрдем жүргізушісі

Еске сала кетейік, Қарағанды ​​тұрғыны жедел жәрдем жүргізушісін ұрып-соққан болатын. Төреғали есімді жүргізушіның мұрны, қабырығасы сынып, көзі көрмей қалған. Полицейлер төбелескен адамның кім екенін анықтады. Қазіргі уақытта шабуыл жасаған адамды ұстау жұмыстары жүргізіліп жатыр.