Зейнетақы қорынан алған 2 трлн теңгені халық қайда жұмсады

Ulysmedia

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрғын үй жағдайын жақсартуға қатысты зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану жөніндегі бастамасын жүзеге асыру аясында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 470 122 өтінішті қарады. Бұл бойынша берілген қаржының жалпы мөлшері – 1,92 триллион теңгені құрады деп хабарлайды президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.

Фото: Ашық дереккөзден

Атап айтқанда:

• Тұрғын үй сатып алуға (толық төлем), үй құрылысына, оның ішінде жер учаскесін сатып алуға 1,36 триллион теңге (70,62 %);

• Ипотека бойынша алғашқы жарна ретіндегі төлемге, ипотекалық қарыз бойынша берешекті толық және жартылай өтеуге және оны қайта қаржыландыруға 246,1 миллиард теңге (12,81 %);

• Тұрғын үй құрылысы жинағы жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй қарызын алу, сондай-ақ толық және жартылай өтеу және қайта қаржыландыру үшін 262,1 миллиард теңге (13,64 %);

• Басқа да мақсатпен, соның ішінде сатып алу құқығымен жалға алу шарты бойынша берешекті толық және жартылай өтеу үшін 56,3 миллиард теңге (2,93%).

Банктер бойынша:

• «Отбасы банк» ҚТҚЖБ» акционерлік қоғамында – 446 711 өтініш қаралып, арнаулы шоттарға 1,87 триллион теңге аударылды;

• «Қазақстанның Халық Банкі» акционерлік қоғамында – 18 063 өтініш қаралды. Берілген қаржының жалпы көлемі – 45,5 миллиард теңге;

• «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамында – 5 055 өтініш қаралып, жалпы 9,2 миллиард теңге аударылды;

• «Altyn Bank» акционерлік қоғамы жалпы сомасы 511 миллион теңге болатын 187 өтінішті қарастырды;

• «Банк Фридом Финанс Казахстан» акционерлік қоғамында – 106 өтініш қаралды. Аударылған қаржының жалпы сомасы 401 миллион теңге.

Емделу ақысын төлеуге қатысты 53 821 өтініш қаралып, жалпы мөлшері 49,1 миллиард теңге аударылды.

Оның ішінде:

• Стоматологиялық қызметтерге 45,1 миллиард теңге (91,89%);

• Офтальмологиялық қызметтерге 1,6 миллиард теңге (3,28%);

• Орфандық ауруларды емдеуге 467 миллион теңге (0,95%);

• Реконструктивтік және қалпына келтіру (пластикалық) оталарға 220 миллион теңге (0,45%);

• Бекітілген тізбеде қарастырылған басқа да медициналық қызметтерге 1,7 миллиард теңге (3,44%) бөлінген.

 

2021 жылғы 20 қазандағы мәліметке сәйкес жалпы сомасы 1,97 триллион теңге болатын барлығы 523 943 өтініш қаралды.

Түрлі себептерге байланысты тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін алынған 262,4 миллиард теңге және емделуге алынған 7,3 миллиард теңге қаржы БЖЗҚ-ға қайтарылған.

Инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға беру жөнінде қазақстандықтардың 2 912 өтініші қаралды және аударылған қаржының жалпы сомасы – 5,44 миллиард теңге. «Jusan Invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ және «Сентрас Секьюритиз» АҚ басқарушы инвестициялық компаниялардың қатарына жатады.