Жетімдер тағдыры: БҒМ Назарбаевтың тапсырмасын орындауға неге қарсы

Аян Өрібай

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Білім және ғылым министрлігінің тың пилоттық жобасын бүгін қатаң сынға алды. Министрлік нақтырақ айтқанда, жетім балаларды неше жасқа дейін сәбилер үйінде қалдыруға болатыны (отбасылар асырап алғанға дейін) жөнінде зерттеу жүргізіп көрмек болған. Алайда министрліктің бұл бастамасы Мәжілісте ауыр сынға ұшырап жатыр, деп хабарлайды ulysmedia.kz тілшісі.

Коллаж:ulysmedia.kz

ҚАЗІРГІ ЗАҢНАМАДА ТӘРТІП ҚАНДАЙ

Қазіргі заңнама бойынша сәбилер үйіндегі бала 3 жасқа толғаннан кейін білім жүйесіндегі балалар үйіне ауыстырылады. Ал ерекше қажеттілігі бар балалар халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің мекемесіне беріледі. Мәжілістің бүгінгі отырысында тың заң жобасы арқылы осы 3 жас мерзімін 6 жасқа дейін ұлғайту көзделген. Депутат Лариса Павловец мәжілісмендердің бұл бастаманы дұрыс қадам екенін айтады.

«Алайда бұл ұсынысты үкімет қолдамады. Осыған байланысты министрліктер неліктен бұл бастаманы қолдамай отырғанын білгіміз келеді», - деді Лариса Павловец Мәжілістің бүгінгі отырысында.

БҒМ НЕГЕ ҚАРСЫ?

Бұл бастамаға неліктен Білім және ғылым министрлігі қарсы болып отырғанын вице-министр Бибігүл Асылова түсіндіріп көрмек болды. Оның айтуынша Білім және ғылым министрлігі ата-ананың қарауынсыз және жетім балаларды 6 жасқа дейін сәбилер үйінде қалдыру позициясын ұстанады. Бірақ бұл ретте белгілі бір ауруы бар балаларды ғана сондай тәртіпте қалдыруды жөн деп отыр.

«Іс жүзінде сау балалар отбасыларға берілуі керек. Жалпы Білім және ғылым министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірге аталмыш мекемелерді деинстуциаландыру саясатын ұстанады. Ол үшін бізде барлық негіз бар. Елбасының да, президенттің де тиісті тапсырмасын орындаймыз», - деді ол.

 

НЫҒМАТУЛИН НЕГЕ АШУЛАНДЫ

Бибігүл Асылованың бұл жауабы Мәжіліс төрағасын едәуір ашуландырған секілді. Нығматулин бірден ащы сөйледі.

«2019 жылдың көктемінде елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке «жетім балалардың сәбилер үйінде болу мерзімін 3 жастан 6 жасқа дейін ұзартуды» тапсырған еді. Премьер-министр Мамин депутаттардың 2020 жылдың желтоқсанындағы сауалына берген жауабында бұл бастаманы қолдады. Ол аз десеңіз, жетінші шақырылымдағы депутаттарға берген жауабында үкімет басшысы бұл жағдай «балалардың эмоционалдық және психологиялық жай-күйіне жақсы әсер ететінін» де жазған. Ең бастысы, осы емес пе? Сіз қай үкіметке жұмыс істейсіз?» деп сұрады Нығматулин Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асыловаға.

Мәжіліс төрағасының бұл позициясын отырыста Денсаулық сақтау және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің вице-министрлері қолдайтынын мәлім етті.

«Ал Білім және ғылым министрлігі бұған келіспейді. Ол аз десеңіз, тиісті заңнамалық норманы тағы бес жылға шегеруді сұрайды. Пилоттық жоба өткізейік дейді. Бибігүл Амангелдіқызы, сіздерге ол не үшін керек?» - деп сұрады Мәжіліс төрағасы.

Нығматулиннің айтуынша, бұл әрекет – Білім және ғылым министрлігінің бюрократиясына ұқсайды.

«2026 жылға дейін соза бермекші. Әр күн баланың тағдырына қалай әсер ететініні білесіздер ме? Үш жасқа келетін баланы басқа ұжымға бере салу деген не өзі? Кішкентай бөпелерді неге ойламайсыздар?» - дейді ол.

АСЫЛОВА: ПИЛОТТЫҚ ЖОБА БІЗГЕ БӘРІБІР КЕРЕК 

Бұл сұраққа келгенде Бибігүл Асылова мұндай тәжірибе Ресей, Өзбекстан, Беларусь елінде бар екенін мәлім ете отырып, пилоттық жоба бәрібір керектігін айтып қалды. Оның пайымдауынша, бала кішкентай кезінен бастап отбасының ортасында болуы керек.

«Пилоттық жоба бәрібір бізге керек. Себебі мәселені түбірімен зерттеген абзал. Жыл бойы қалыптасып қалған тәжірибе мен посткеңестік елдердің тәжірибесі 3 жасқа дейінгі балалар сәбилер үйінде қалатынын көрсетіп отыр. Сәбилер үйінде оған қоса көпбалалы отбасылардың балалары қалады. Олардың бауыр-қарындастары бар. Екіншіден, балалар отбасылардың тәрбиесіне берілуі керек. Сол себепті бұл жерде қоғам өкілдерінің де, мемлекеттік органдардың да пікірлері екіге жарылып тұр. Бізге бәрібір зерттеуіміз керек», - деп тұрып алды Бибігүл Асылова.

Вице-министрдің бұл табандылығына ашуланған Нұрлан Нығматулин бұл мәселеде бәрібір үкімет пен депуаттарды қолдайтынын жеткізді.

«Сіздерде мүлде аргумент жоқ. Сізге Нұрсұлтан Әбішұлының негізді «қазақстандық жолына» оралу керек. Онда шетелдік тәжірибе бізге керек болғанымен, ұлттық ерекшелікті естен шығармау керектігі нақты жазылған. Соны ойлау керек. Сұрақтардың бәрін 2026 жылға дейін созу – бюрократиялық әдіс деп білем. Сол себепті мен депутаттардың мұны істемеу керектігі туралы ұсынысын қолдаймын», - деп түйді Нығматулин.