Елімізде партия құруға ниетті белсенділер тіркеуден өте алмағандарын жиі айтады. Қазақстанда саяси партияны тіркеу неге қиын? Құжат өткізгендер неге діттеген мақсаттарына жете алмайды? Ulysmedia тілшісі бұл сұрақтарды Мәжіліс депутаттарына қойды.
«ЖҮЙЕЛІК ПРОБЛЕМА»
Депутат Ринат Зайытовтың пікірінше, партия құрғысы келетін топ бірауыздан жиналып, Әділет министрлігіне талап қоюы тиіс.
– Жұдырықтай жұмылу керек. 10 мың адам ба – 10 мың адам бірден келіп талап ету керек шығар. Басқа жолын білмеймін. Әділет министрлігі заңмен ештеңені түсіндіріп жатқан жоқ. Тіркегісі келсе – тіркейді, тіркегісі келмесе – тіркемейтін сияқты. «Сендердің қатарларыңда өтірік адамдар бар» дейді. Нақты фамилияларын берсін, - дейді ол.
Ал Ермұрат Бапидың айтуынша, Қазақстанда партияларды тіркеу мәселесі – біздегі жүйелік проблема.
– Соңғы кездегі өтініштерді білмейтін, бұған дейінгі берілген өтініштер бойынша 2-3 партия тіркелмеді. Партияларды тіркеу проблемасы – біздегі жүйелік проблема. Біз әлі қалыптасып болмаған транзиттік елміз. Демократиямыз қолмен басқарылатын ел болдық, – дейді депутат.
«ПАРТИЯНЫ ҰСТАП ТҰРУ ОҢАЙ ЕМЕС»
Депутат Мақсат Толықбайдың пікірінше, партия құрып, оның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету ең әуелі қаражат мәселесіне келіп тіреледі.
– Партия құру оңай емес. Құрылған партиялардың әрі қарай жұмыс істеп кетуі де қиын. Бізде бірнеше партия бар. Солардың аудандарда бөлімшелері бар ма? Тек ірі қалаларда ғана бар. Партия штатын ұстап тұрудың өзі жылына пәленбай миллиард теңгені қажет етеді, – дейді мәжілісмен.
Ал Ерлан Саиров партия құрғысы келетін белсенділерге қолдан келетін және заңмен рұқсат етілген барлық мүмкіндікті пайдаланып көруге кеңес берді.
«Саясат дегеніміз – мүмкіндіктердің өнері. Әр түрлі саяси механизмді пайдалану керек», – деді депутат.
СҰРАУ КІМНЕН?
Самат Нұртаза мен Азат Перуашев бұл сұрақтарды заңгерлерге және құзыретті органдарға қою керегін айтты.
«Біріншіден заң бойынша қандай да бір қате болса, құжат өтпейді. Мен заңгер емеспін. Бұл сұрақты заңгерге қою керек шығар», – деді Нұртаза.
«Бұл сұрақты тиісті органдарға қою керек. Тіпті сот арқылы өзіңдікі дұрыс екенін дәлелдеуге болады. Біз қабылдаған заңдарда тиісті талаптар көрсетілген. Сол талаптарға сай құжаттар, дәлелдер жинап, тапсыру керек», - деп Перуашев та заң аясында әрекет етуге шақырды.
Ал депутат Еділ Жаңбыршин партия құру белсенділікпен қана шектелмейтінін ескертті.
ӘДІЛЕТ МИНИСТРЛІГІ НЕ ДЕЙДІ?
Айта кетейік, Қазақстанда бұдан бұрын Қазақстанда жаңа саяси партияларды тіркеу мәселесіне қатысты Әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова пікір білдірген.
Оның айтуынша, бастапқы кезеңде министрлік бастамашыл топтың тізімін тексереді. Бұл деректер мемлекеттік базалар арқылы автоматты түрде тексеріледі.
– Бізде жүйелер өзара біріктірілген. Сондықтан тізімдегі адамдарды қолмен тексерудің қажеті жоқ, бәрі автоматты түрде тексеріледі, – деді вице-министр тізімдерде жалған адамдар болуы мүмкін бе деген сұраққа жауап бере отырып.
Мерсалимованың сөзінше, «Әділет» партиясынан басқалары «Саяси партиялар туралы» заң талаптарына сай келмегендіктен тіркеу рәсімінен өте алмаған.
ЖАЛҒЫЗ ЖАҢА ПАРТИЯ
Еске салайық, жуырда Астанада бір топ белсенді «Әділет» атты жаңа партия құратындарын мәлімдеді. Ұйымдастырушылар реформаларды қолдауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және азаматтардың шешім қабылдауға қатысуын арттыруға басымдық беретіндерін айтқан. Бастамашыл топ құрамына кәсіпкерлер, қоғам белсенділері мен сарапшылар кірген. Олардың қатарында Андрей Лаврентьев, Динара Зәкиева, Қарлыгаш Жаманқулова және Марат Шибутов бар.