Белгілі кинорежиссер Ермек Тұрсынов әлеуметтік желілерден бір жола бас тартты, деп хабарлайды ulysmedia.kz. Бұл туралы саясаттанушы Досым Сәтпаевтың ютуб арнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Қоғамдағы зияткерлік және мәдени деңгейді мақсатты түрде қысқарту мен ұлттық қауіпсіздік арасындағы байланыс төңірегінде әңгіме өрбіткен олар қоғамдық санадағы мәдени дағдарыстың салдары туралы айтты.
БІЛІМСІЗ АДАМ – ҚОРҒАНСЫЗ
Надан бұқараны басқару не айла-шарғы жасау оңай деген биліктің қауіпті иллюзиясы туралы айтқан Досым Сәтпаев мұны жалаңаш қолмен айдаһардың құйрығынан ұстаумен бірдей дегенді айтады. Болашақта бұл айдаһарды қулықпен жүгендегісі келетін өзгелер де табылуы мүмкін екенін айтқан ол Ермек Тұрсыновтан ұлттық қауіпсіздікке қатер төніп тұрған жоқ па деп сұрады. Бұл орайда кинорежиссер Ермек Тұрсынов бұқаралық мәдениет деңгейінің ұлттық қауіпсіздікке тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Халық қазір ашулы, өзінің қараңғылығына ашулы. Жақсы білім алуға мүмкіндігі жоқ. Халық өзімен өзі қалды. Бүкіл ауылда инфрақұрылымнан түк қалмады. Мәдениет үйлері, клубтар, сарайлар жоқ», деген ол сөзін «Шырақшы» фильмін түсірген кездегі оқиғамен байланыстыра келе, құрдымға кетіп бара жатқан ауыл өмірінің келешегі қиын екендігін, қарапайым халық пен мінберлерден айтылатын биік әңгіменің мүлдем қиыспай бара жатқандығын мысалға келтірді.
«Біз Батыс экспансиясына, жалпы кез келген экспансияға қорғансызбыз. Жастардың барлығы өзгелердің өнімін тұтынып отыр, шындап келгенде рухани астары жоқ. Ал білімсіз адам қашан да қорғансыз келеді», – деді ол.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕН КЕТУ СЕБЕБІ
Әңгіме арасында режиссер әлеуметтік желілерден бір жола қол үзгенін де атап өтті. Мұның себебін өзі былай деп түсіндірді:
«Әлеуметтік желілерді түгел өшірдім. Неге десеңіз, бір жағынан айтып тастайтындығым үшін үнемі бұғаттай берді. Әрдайым парасатты болуға тырыстым. Көптеген аудиторияларда сөйлеп жүрдім. Таяуда бір бизнесмен маған келіп: Ерёма, өте дұрыс айтасың. Сені қолдаймыз. Айта бер, бәрібір ештеңе жоғалтпайсың ғой дейді. Әбден күлдім. Бір жағынан ол шынын айтып тұр. Әркімнің жоғалтатын нәрсесі бар. Осы тұрғыдан алғанда декларациялардың барлығы бос сөз. Біздің жағдайымыздағы сөз еркіндігінде кім көрінген сөйлей береді, сәйкесінше олардың да құлақ аспауға еркі бар», – деді ол.
ӨМІРГЕ ӘЗІЛДЕЙ ҚАРАСАҢ ӨТЕ КӨҢІЛДІ
Сұхбат барысында олар жуырда Президент қаулысымен бекітілген Ұлттық жобалар тізбесі туралы да пікір білдірді. «Жақында тағы да 10 ұлттық жоба ұсынылды. Мәселен, арасында «Ұлттық Рухани жаңғыру» жобасы бар. Фейсбукте аталған жобаларды қазір кең талқыланып жатқан «Кальмар ойындары» фильмімен салыстырды. Яғни, ойынға бір топ адам қатысады, бірақ мәреге ешкім жетпейтінін мен бірден айттым. Өйткені ұтысқа тігілген ақшаны әлдеқашан талан-таражға салып үлгерер еді. Мұны қалай түсіндірер едің?», деген Досым Сәтпаев ұлттық жобалардың қаншалықты шынайы іске асырылып жүргенін сұрады.
Фото: AuditoriumQZ Досыма Сатпаева
Бұл ретте Ермек Тұрсынов аталған реформаларды іске асырушылардың мақтанып жүрген жетістіктерінің өміршең емес екенін айта келе, билік реформасын кино түсіру механизміне ұқсатты.
«Драма дегеніміз не? Бұл реформаторлар кімдер? Өкініштісі сол, олар тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлағалы жатыр. Жетістіктерімізді санамалап көрсек, саусақпен санарлықтай. Біреудің тұмсығын бұзған Гена мен ән салған Димаш жетістігіміз бе? Мұнымен мәселе шешілмейді, өмірді жеңілдетпейді. Жақсы, Гена біреудің бетін бет қылған екен. Содан кейін не болады? Өз ұсыныстарымды өмір бойы айтып келдім, ұлттық кеңесте де сөйледім», деген ол кейбір дүниеге юмормен қарау керектігін айтты.
«Мен режиссер болғандықтан, «массовка» қызметін жақсы білемін. «Тоқаев үшін» деп өңешін жырта айқайлаған жас бала кім еді, атын есіме түсіре алмай отырмын. Камерадан кімді үлкейтіп көрсету керек, кімді көрсетпеу керек дегеннің барлығы белгілі дүниелер. Бұған әзілмен қарай білсек өте көңілді. Рөлдер бөлініп қойған, ал енді «кальмар» ойындарын ойнайық. Дегенмен кейде әзіл аздық етеді, ал өмір өтіп бара жатыр. Ұйықтаған кейіп танытып жатқан адамды, ояту қиын. Бұл мүмкін емес», – деді режиссер.
Ұлттық идея дегеніміз не және оның өзегінде не жатуы тиіс деген сауалға ол ұлттық-саяси қатынастарда зор маңызға ие мемлекеттік идеологияны іске асыра алмай отырғандар туралы айтып берді.
«Біз идеологиясы жоқ елде өмір сүріп жатырмыз, біздің елде идеология жоқ. Осы жылдар бойы халыққа ұсынуға болатын және оны халық өзінікіндей көріп, қабылдайтын ақылға қонымды идеологиялық тапсырманы немесе қағиданы естіген емеспін. Қандай ұлттық идея? Ұлттық тіл делік, бұл туралы көптен бері айтып жүрміз. Тіліміз қайта жаңғыра қойған жоқ. Білім реформасы бойынша қаншама бастама болды, одан да айтпаған жөн. Мәдениет сан қырлы, мәдениетке бәрі кіреді. Ол саясатта, экономикада, кадр таңдауда, білім беруде, адамдардың күнделікті қарым-қатынасында жатуы тиіс. Бұл – өмір салты», – деді Ермек Тұрсынов.
Ол ел мен билік арасын бітістіріп, келісімге шақыратын билердің бәтуасы мен ел үшін аянбайтын тұлғалардың ендігі жоқ екендігіне қынжылатынын жеткізді. Оның айтуынша даналығына ұйытып, артынан ерте білетін көшбасшылар қалмай барады, режиссер мұны «ұлттық трагедия» деп атады.
«Қазір ондай шамшырақтар жоқ дегенді айтуға мәжбүрмін. Бұл – ұлттық трагедия. Қазақ қоғамында қашанда бағыт-бағдар беріп, ел билеушілеріне жеткізіп отыратындар болған. Жырау, ақын дейміз. Олар екі жағалауды біріктіретін. Қазір олар жоқ. Әрқашан бастаушы, басқарушы ұлт көшбасшылары болған. Бүгінгі көшбасышылар кімдер? Блогерлер ма? Әлде инстаграм жұлдыздары ма? Бұл кезексіз интернет қана. Бұрын сөз алу үшін, оған микрофон беру үшін тұтас өмір сүру керек еді, қандай да бір бедел жинауың керек еді. Біздің сенсорлық арналар шуға толы»,- деді Ермек Тұрсынов.
АЙНАЛАМЫЗ ОҚЫҒАН АЛАЯҚТАРҒА ТОЛЫ
Ол сананы төменнен жоғары қарай өзгерткен қауіпті індетті коронавирустан да «қауіпті вирус» деп атады. Режиссердің айтуынша, барлығы пайда призмасына лайықталып құрылған, тіпті достық та. Ал мәдениеттен жұрдай білімді болу хас надандықтан да қауіпті болмақ.
«Мәдениетсіз білімді адам қараңғы надандықтан да қауіпті. Білімді, дей тұрғанмен адамгершіліктен ада типтің қулығы басым, ол схема құра алады. Өйткені ойын ережесін жақсы біледі. Айналамыз осындай оқыған алаяқтарға толы. Түйіндемесін қарап көріңізші, бірнеше ғылым докторы. Сонан соң орден-медальдерін бір-біріне таратып жүргені. Нағыз қасірет қой, тіпті не істеу керектігін де білмеймін», – дейді ол.
ИЕРАРХИЯЛЫҚ «ПАХАНАТ»
Режиссер көрген-білгені мол талай тұлғалардың неліктен үндемейтіндігін де сынап өтті.
«Менен ақылды, менен білімді, көргені де көп, артық білетіндер неге үндемейді? Сонысымен-ақ жүйені қандай да бір мағынада қолдап отыр. Сондықтан мен мұның жүйе деп аталатынын ұқтым. Дәлірек айтқанда, схема, бизнес схемасы. Иерархиялық «паханаттар». Мұны ақсүйектікпен шатастыруға келмейді, олар ең бірінші құрбан болатын», – деп түйді ол.
НҰРЛАН САБУРОВПЕН ТАНЫСТЫҒЫ ЖАЙЛЫ
Бір сағатқа созылған әңгіме барысында Ермек Тұрсынов рухани дағдарыс, әл-ауқат пен жалпы мәдениет деңгейі арасындағы сәйкессіздік туралы сөз қозғай келе, жаңа өмір салтына үндейтін тұлғалардың жоқтығы туралы көп айтты. Сонымен бірге ол танымал ресейлік қазақ, стендапер Нұрлан Сабуровпен таныстығы жайында баяндап берді. Оның айтуынша, оларды досы, кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев таныстырған.
Фото: AuditoriumQZ Досыма Сатпаева
«Мен одан әншісің бе деп сұрасам, стендапермін дейді. Мен көп заманауи жаңалықтан қалыс қалып жүремін. Ол Мәскеуде тұрады екен, маған ұнады. Өте жақсы жігіт», деген ол Нұрлан жүргізетін «Что было дальше» (орыс тілінде таралатын интернет-шоу) бағдарламасын көргенін әрі мұның заманауи сәнді формат екенін де атап өтті.
«Бағдарламада бес адам отырады да, алтыншы адамды шақырып, жан-жақтан мазақ ете бастайды. Түсінгенімше, бұл өте сәнді. Артынан қарасам, Нұрланның миллиондаған жазылушылары бар екен. Бәлкім, маған заманы озған, қартайған деп күле жатар. Бірақ бұл қаншалықты қызық? Соншама адамның алдында өңдеуден өтпеген, бақылаусыз дөрекі сөздер қызық па? Бұл құлдырауға біз қашан түскеніміз есімде жоқ. Қазір екеуміз көшеге шығайық, сыртта бір адамды көлік қағып кетсін делік. Ішегі ақтарылып, қаны судай ағып жатсын. Ал соны адамдар жүгіріп келіп телефонға түсіре кетеді. Олай болмайтынын, адамгершіліке жат екенін ұқпайды», – деді Ермек Тұрсынов. Мұндай пікірі үшін Нұрлан Сабуров ренжімейтін болар деген ол көпшілікті жауапты болуға шақырды.
«Нұрлан жақсы жігіт, мұның бәрі басынан өтеді. Жас кезімізде не істеп жатқанымызды түсінбей жатамыз. Бірақ бұл өмір, ел алдына шыққан соң жауапкершілікті түсіну керек. Бүйте берсе, жастар осының барлығын қабылдап, мәдениеттен жұрдай болады», – деді ол.