Бишімбаевтың ісімен көз байлап, қоғамды әбден шатастырып қойды – Базарбек

Аян Өрібай

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек қазір елдегі әлеуметтік мәселелердің көбі ұмытылып, жұрт экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотын талқылап кеткеніне алаңдайды. Бұл жайлы пікірін ол Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында айтты.

“Инспекторларды қорқытады”

Сұхбатында депутат кезінде Қазақстанның бүкіл байлығын сатқан адамдар енді сол Қазақстанды қайта көтерейік десек, кедергі болып жатыр дейді.

– Ісімізді ілгерілетпей, инспекторларды қорқытады. Инспекторларға қоңырау шалып, “егер қазір тексеріс бастасаң, сенімен әңгіме басқаша болады” дейді. Шақырып алып инспекторларды қорқытады. Міне, біздегі шын жағдай осы! Сол себепті осымен күресу керек! Президент басты бағыт-бағдарды белгілеп берді, біз соны істеп жатырмыз. Бірақ биліктегі өте көп адам оны саясатына саботаж жасап, берген тапсырмасын орындамайды. Реформаларын кешеуілдетеді. Ең бірінші кезекте, біз солармен күресуіміз керек, – дейді Базарбек.

“Саботаж жасайтын адамдарды орнынан алып тастауға кім кедергі келтіріп отыр?” деген сұраққа Бақытжан Базарбек былай жауап берді.

– Қазіргі Парламент пен Үкіметтегі ойлы адамдар (олар да бар – Базарбек) халық қазір ақты қарадан ажырата алатынын түсінуі керек. Халық әдеттегідей өтірікке енді сенбейді. Адамдар бәрінен шаршап кетті. Құрғақ уәделерден шаршады. Олар сөзбен салынған 30 бөгетті емес, шын берік біреуін салғысы келеді. 40-50 жалған су қоймасының орнына шын берік біреуі салынса дейді. Түсінесіз бе? “Халықтың өмірі жақсарды” деген макроэкономикалық көрсеткіштер ешкімге керек емес. Олар “осы шенеунікті қамаңдаршы, бәріміз бақытты боламыз” дейді.

Қоғам жұмылуы керек

Бақытжан Базарбек резонансты істің қоғамға әсері жайлы да ойын білдірді.

– Бишімбаевтың ісімен қазір бәрінің көзін байлап қойды ғой. Ал Бишімбаевтың ісінен бөлек, Сатыбалдының, Әлия Назарбаеваның, Гүлмира Сатыбалдының ісін ешкім бақылап отырған жоқ. Бірақ бүкіл Қазақстан Бишімбаевтың сотына қарап отыр. Су тасқыны кезінде үйінен айырылып қалған адам “баспанамды мемлекет қалай қалпына келтірер екен” деп ойламайды, “нақұрыс Бишімбаевты отырғыза ма, жоқ па?” деп бас қатырады. Міне, қоғамды осылай шатастырып қойды. Масаятын жағдайға жеттік, – дейді депутат.

Депутат қазір қоғам жұмылып, жазығы бар шенеуніктер қатаң жауапкершілікке тартылуы керек деп есептейді.