27 жылда Қарағанды шахталарында 200-ге жуық кенші ажал құшты

Ulysmedia

Қарағанды облысындағы шахталардың жұмыс істеу аумағы жыл өткен сайын кеңеюде. Бүгінде кеншілер 700-800 метр тереңдікке дейін түсіп, жұмыс істеп жатыр. Осы орайда метан газына қатысты өткір мәселеге назар аудармасқа болмайды. 1994-2012 жылдар аралығында Қарағанды ​​көмір бассейнінің шахталарында метан жарылысынан 8 апат орын алып, 138 адам қаза тапты. Қайғылы оқиғаның ешбірі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын айналып өткен жоқ. Ulysmedia.kz соңғы 10 жылда Қарағанды облысындағы шахталарда жұмысшылардың қазасымен аяқталған оқыс оқиғаларға шолу жасады.

Фото: ашық дереккөз

Жалпы, шахтаға қатысты ең ірі қайғылы оқиғалардың соңғысы 2008 жылы 11 қаңтар күні «Абай» кенішінде болған. Шахтада жарылыс болып, салдарынан 30 адам қаза тапқан болатын.

2013 жылы қыркүйекте «Қазақмыс» кенішінде машинист қаза тапты. Опырылып түскен тау жынысы оның өліміне себеп болды.  

2013 жылы 14 желтоқсанда Абай» шахтасындағы тау жынысы опырылып, бір жұмысшы қаза тапты.

2014 жылы 14 қаңтарда «Қазақмыс» серіктестігінің «Жомарт» кенішінде жұмысшы қаза тапты. Шамамен сағат 12.00-де өздігінен жүретін жерасты көлігімен соқтығысуы салдарынан жұмысшы жарақат алып, қаза тапты.

2014 жылы 15 сәуірде Қарағанды ​​облысы Саран қаласындағы Күзембаев шахтасында («АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на тиесілі) 52 жастағы шахтер жарақат алып қаза тапты.

2014 жылы 24 шілдеде «Метан және К» шахтасында 26 жастағы кен шебері апат салдарынан қаза тапты.

2014 жылы 4 қарашада Қарағанды ​​облысындағы Оңтүстік Жезқазған кенішінің № 65 шахтасында қайғылы жағдай болды. 140 метр тереңдіктегі шахтада жарылыс болып, салдарынан 1 адам оқиға орнында көз жұмды.

2015 жылы 19 тамызда Костенко атындағы шахтада жұмыс істейтін ер адам оқиға орнында қаза тапты. Оқыс оқиға газ ағызу дрейфінің түбіне металл тіреуіш орнату кезінде болған.

2016 жылы 10 қарашада сағат 15:00 шамасында «Арселор Миттал Теміртау» көмір департаментінің «Саран» шахтасында төтенше жағдай орын алып, 4 жұмысшының өмірін қиды. Алты адам ауруханаға жеткізіліп, оның бірі ауруханада көз жұмды. Ауысымды жер бетіне көтеру кезінде шахтерлер болған тіркеме арбаның сымы үзіліп кеткен. Салдарынан кеншілер шамамен 200 метр тереңдікке құлаған.

2017 жылы 21 маусымда «Тентек» шахтасында 34 жастағы жұмысшы қаза тапты. Оның артында әйелі мен төр жастағы ұлы қалды.

2017 жылы 17 тамызда Сәтбаев қаласындағы «Шығыс-Жезқазған» кенішінің №55 шахтасында жұмыс істеп тұрған бетті тексеру кезінде 51 жастағы жұмысшы тау жынысының опырылып түсуі салдарынан жарақат алған. Дәрігерлер қанша тырысқанмен, оның өмірін сақтап қала алмады. Кенші 20 тамызда ауруханада көз жұмды.

2017 жылы 31 тамызда «Казахстандық» шахтасында адам өліміне әкелген апат болды. Метан газының кенеттен таралып кетуі 31, 34, 37 жастағы үш кеншінің өліміне себеп болды. Үшеуінің отбасында алты бала жетім қалды.

2019 жылы 1 шілдеде Қарағанды ​​облысындағы «Саран» шахтасының кеншісі конвейерге тартылып, денесі бөлшектеніп кетті. Ер адам оқиға орнында көз жұмды.

2019 жылы 19 шілдеде «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС Оңтүстік Жезқазған кенішінің №65 шахтасында 28 жастағы кенші жұмыс барысында қаза тапты.

2019 жылы 7 қарашада «Саран» шахтасында 34 жастағы кенші қаза тапты. Шахта орнында жұмыс істеп жатқан 34 жастағы кеншінің басы кеншар ұстағыш пен жерасты жабдықтарының арасында қалып, оқиға орнында тіл тартпай кетті.

2019 жылы 28 қарашада «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі №65 шахтада өндірістік қайғылы оқиға болды. Жарылыс жұмыстары кезінде жарылыс-шебері қаза тапты.

2019 жылы 25 желтоқсанда «Қазақмыс» корпорациясына қарасты Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі №45 шахтада жерасты тау-кен машинасы кеншіні басып кетті.

2021 жылы 13 қаңтарда Ленин атындағы шахтада бұрғылау жұмыстары кезінде газ бен көмір өртенді. Оқиға кезінде шахтада 3-ауысымның 137 жұмысшысы болған. Бұрғылау қондырғысының машинисі оқиға орнында қаза тапты, қалған кеншілер шахта бетіне шығарылды.

2021 жылы 7 қазанда Қарағанды облысындағы шахтада метан газының кенеттен шығуы орын алды. Оқиға салдарынан 6 адам қаза тауып, 2 адам зардап шекті.