Қазақстан өңірлерінде біртіндеп жарық сөндірілуі мүмкін

Ulysmedia

Қазақстанның электр желілерін басқару жөніндегі ұлттық операторы қазіргі уақытта елімізде электр қуатына байланысты күрделі жағдай қалыптасқанын мәлімдеді деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі.

Фото: ашық дереккөзден

Компания бұл ахуалды электр энергиясын тұтынудың жоғары қарқында өсуімен түсіндіріп отыр. Мәселен, 2021 жылдың өткен 10 айы ішінде, 2020 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда тұтыну көлемі Оңтүстік аймақ бойынша 11,6 %-ға, Солтүстік аймақ бойынша 5,7 %-ға және Батыс аймақ бойынша 7,5%-ға артқан.

“Ең жоғары жүктеме сағаттарында қуатты тұтыну өткен жылғы мәннен 1500 МВт-тан да асып тұр. Тұтынудың осылайша ауытқымалы өсуі ең алдымен цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұтынушылар үлесінің артуына қатысты”, делінген компания мәлімдемесінде.

Сондай-ақ, бүгінде, электр станцияларындағы энергия қондырғылардың ерәуір бөлігі авариялық және жоспардан тыс жөндеуде тұрғаны белгілі болуда. Мамандар күннің суытуы ірі көлемдегі апаттарға соқтыруы әбден ықтимал екенін жасырмайды.

Осылайша, отандық электр желілерін басқарушы компания, тұтынушылардың жекелеген санаттарына электр энергиясын тұтыну тәртібін сақтау жөнінде шаралар қабылдап, жергілікті атқарушы органдармен келісе отырып, электр жарығын пайдалануды шектеуді қолға алмақ.