Елімізде 90-жылдардағыдай электр энергиясы сөндіріле бастағаны белгілі. Күрделі жағдай қалыптасқанын саладағы құзырлы ұлттық KEGOC компаниясы да мойындап отыр. Осы орайда Ulysmedia.kz тілшісі сарапшы пікіріне ден қойды.
Қазақстанның электр желілерін басқару жөніндегі «KEGOC» АҚ бұрынғы басшысы Әсет Наурызбаев электр тоғы көп қолданылатын уақыттарда (негізінен кешкі шақ) қуат жетпесе, халыққа ұнай қоймайтын шешімдер қабылдауға мәжбүр болатынымызды айтады. Мәселен – қажетті қуатты Ресейден сатып алу.
«Мұндай келісім жасалып жатыр білуімше», – деді кәсіби энергетик.
Маман, шектеулерге қарамастан, электр энергиясы тапшы жақтарға жетпей жатса (мысалы солтүстіктен оңтүстікке), онда тұтынушылардың бір бөлігін бәрібір жарықтан ажыратуға тура келмектігін нұсқайды.
«Бұл жердегі мәселе – кімді сөндіруде», – деді Әсет Наурызбаев.
Сарапшы Энергетика министрлігінің заң аясында жұмыс істейтін майнерлерді, халық пен әлеуметтік нысандарды тоқтан ажыратпау жайлы ұйғарымына күмәнмен қарайды. Себебі бұл қатты зәрулік кезінде өнеркәсіптік кәсіпорындар сөндіріледі дегенді білдіруде. Оның ішінде «мыс пен болат балқытылып жатқанда тоқтатылса, қатып қалған өндірісті қалпына келтіруге айлар кетпей ме? - деп басын шайқайды сұхбаттасушымыз ойын жаластырып. – Дәл осы тұста майнерлерді сөндірсе ештеңе етпейді. Олар өз жұмысын тез әрі жеңіл жандандырады. Әрі кетсе кейбір күнде 3-4 cағат жоғалтады».
Әсет Наурызбаев электр тоғын біртіндеп сөндіре бастауды ұлттық оператор мен аймақтық компаниялардың сауатсыз жұмысы дегенді де айтады.
«БАҚ бетінде тараған майнерлердің электр қуатына қосылуға қыруар қаржы төледік деген мәлімдемелерін тексеру керек. Қалай сонда, KEGOC шотына тариф сметасынсыз ақша қабылдаған ба?», – деген ол майнинг фермаларына техникалық шарт дұрыс қойылмағандықтан да апаттық ахуал туындауы мүмкін дегенді келтіреді.
Сөзінің қорытындысында, сарапшы, күн өткен сайын электр энергиясын тұтыну көлемі өскен заманда атом-электр станциясы емес, баламалы энергетиканы дамыту қажеттілікті өтейді деп санайтынын жеткізді.
Еске салсақ, кеше Қазақстанның электр желілерін басқару жөніндегі ұлттық операторы қазіргі уақытта елімізде электр қуатына байланысты күрделі жағдай қалыптасқанын мәлімдеді.
Компания бұл ахуалды электр энергиясын тұтынудың жоғары қарқында өсуімен түсіндіріп отыр. Мәселен, 2021 жылдың өткен 10 айы ішінде, 2020 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда тұтыну көлемі Оңтүстік аймақ бойынша 11,6 %-ға, Солтүстік аймақ бойынша 5,7 %-ға және Батыс аймақ бойынша 7,5%-ға артқан.