Танымал режиссёр Теменовтың ұлы қызметке үміткер

Ulysmedia

Нұр-Сұлтанда дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары бос лауазымына орналасуға конкурс жарияланды. Лауазымды орынға үміткер 7 адамның ішінде еліміздегі танымал режиссёр Талғат Теменовтың ұлы да бар, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

Бұл туралы журналист Гүлбану Әбенова Фейсбук парақшасына жазды.

«Елордадағы спорт тақырыбы, әсіресе, балалар спорты мен үшін көптен бері маңызды. Спортқа қатысты шенеуніктерге жүгінген кездерім болды. Олар кейбір мәселені шешсе, кейбір мәселені шеше алмады.

Орынбасар болуға кім үміткер? Олардың қандайда бір спорт ұйымына қатысы бар ма? Мен 7 үміткер туралы да ақпарат табуға тырысамын», - деп жазды Гүлбану Әбенова Фейсбук парақшасына.

Ол алдымен Айбар Теменовке тоқталып өтті.

«Танымал режиссёрдің ұлы Айбар Теменовтың спортқа қатысы бар ма? Ол туралы ашық дереккөздерде қандай ақпарат бар? Ол апат болған Бекэйр ұшағында болған. Қаза болмағанына қарағанда періштесі қаққан адам. Ол «Үш ағайын» фильміне түскен. Фильмді көрмегендіктен актёрлік қырына баа бере алмаймын. Әкесі режиссёр бола тұра бір-ақ фильмге түскеніне қарағанда жақсы актёр емес сияқты. Әкімдікте дін мәселесіне қатысты жиналыста бас көрсетті. Демек, оның спортқа қатысы бар екендігі ешбір жерде жазылмаған. Астанадағы әкімдіктің бөлімдерінің бірінде жұмыс істейді. Оның әкесі Талғат Теменов Көлгіновтың кеңесшісі. Егер ұлы бұл лауазымға тағайындалса – таң қаларлық жағдай емес», - дейді ол.