Қазақстаннан соңғы тоғыз айда көшіп жатқандардың арасында Шығыс Қазақстан облысы алдыңғы өңірлердің бірі. Жыл басынан бері шығыстан 3,3 мың адам көшіп кеткен. Осыған орай есеп беру жиынында өңір әкімі Даниал Ахметов миграция мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Есептік жиын барысында қойылған журналист сұрағына жауап берген өңір әкімі Даниал Ахметов оларды «жаманшылықтан кеткен жоқ» деп отыр.
«Мәселеге басқаша қарауымыз керек. Барлық миграциялық мәселе жаманшылықтан емес. Миграция – ол өмірлік мәселе. Мүмкін сіз ертең басқа жаққа көшесіз. Сондықтан мұны жаман көрсеткіш деп айта алмаймыз», - деген әкім жауабы салғырт естілді.
Еске сала кетейік, Қазақстаннан тоғыз айда 25 мыңнан астам адам көшіп кеткенін, мұның елге келгендер санынан үш есе көп екендігін бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Биыл қаңтар-қыркүйекте елге 7,2 мың адам келді. Бұл 2020 жылғы қаңтар-қыркүйекке қарағанда 21,5%- ға аз. Сонымен қатар, 25,3 мың тұрғын елден кетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,1% - ға көп.